Бас жаңалықтар
Азаматтық қызметкерлердің жалақысын арттыруға 144 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
15 Маусым 2019, 11:45 355

Азаматтық қызметкерлердің жалақысын арттыруға 144 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылғы 1 маусымнан бастап азаматтық қызметкерлердің жалақысын арттыруға 144 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Тұңғыш Президент – Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап бюджет саласының ақысы төмен қызметкерлерінің жалақысы арттырылды.

Жалақы 1-ден 8-ге дейінгі разрядтағы қызметкерлерге, қосалқы (техникалық), әкімшілік және негізгі персоналдар қызметкерлеріне, сондай-ақ басқарушы персоналдың кейбір қызметкерлеріне қатысты болды. Аталған қызметкерлердің жалақысы жұмыс өтіліне байланысты сараланған түрде арттырылады.

"Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2019 жылға 144,3 млрд.теңге көзделген. Мысалы, жоғары білімді және 1 маусымға дейін 2 жыл жұмыс өтілі бар жоғары санатты әлеуметтік қызметкердің жалақысы 81 830 теңгені құрады. 2019 жылғы 1 маусымнан бастап-98 961 теңге. Осылайша,жалақының өсімі 17 130 теңгені немесе 21% құрады.

Екінші мысал ретінде 5 жыл жұмыс өтілі бар санаты жоқ арнайы орта білімі бар тәрбиешінің жалақысын ұлғайтуды қарастырамыз. Мәселен, егер 1 маусымға дейін ол 58 984 теңгені құраса, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап 76 114 теңгені құрайды, бұл жерде жалақы өсімі – 17 130 теңгені немесе 29% құрайды", - делінген ведомствоның хабарламасында. 

Жалақыны арттыру денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы және басқа салаларда жұмыс істейтін 1,1 миллион азаматтық қызметшілерге қатысты.




Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық