Қазақстанның киелі жерлері. Әулие қыз мазары

6 Қаңтар 2019, 12:03
8058
Бөлісу:
Қазақстанның киелі жерлері. Әулие қыз мазары

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 17 сәуіріндегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан кейін еліміздегі көптеген киелі орындар түгенделіп қалды. Халық сол өңірдің жергілікті жұртына мәлім алайда көпшілікке беймәлім киелі жерлер туралы біле бастады. Осы ретте, бізде көп адам біле бермейтін, дегенменде шығыс қазақстандықтардың арасында аты аңызға айналған Әулие қыз мазары туралы айтып беруді жөн көрдік.

«Әулие қыз» мазары Мамажай атты молданың орта жасқа келгенде көрген қызының мазары. ХІХ ғасырдың 30-жылдарында бұрынғы Шар ауданы, Киров атындағы кеңшар, қазіргі Қоңырбиік ауылдық округі жерінде Мамажайдың ел арасына есімінің белгілі болуы осы қыздың бойындағы ерекше қасиетке байланысты еді. Қызға бесікте жатқаннан бастап   тіл бітіп, 10-11 жасқа келгенде көріпкелдік қасиетке ие болған.Тіпті дертке шалдыққан адамдардың емі неден екенін дөп басып, айтатын болған. Қыз жастайынан көз тиіп, ауырып қайтыс болады.

Мамажай орта жасқа келгенде қызды болады. Қыздың басқалардан ерекшелігі үш айға толғаннан бастап байқала бастаған. Ел қыстаудан көшіп, Шар өзенінің бойына көшкен кез еді. Кеш алдында Мамажай біраз демалайын десе, бесікте жатқан бала жылап, мазасын ала береді. Тербеткенге көнбейді. Мамажай кейіп, дауысын шығарып, «жағың қарыссын» деп тербете бастайды. Сол-ақ екен, жылап жатқан қыз жылағанын тоқтата қойып, ашық, анық сәби дауыспен: «Сенің жағың қарыссын, Мамажай!»- дейді. Мамажайдың жүрегі тас төбесіне шығып, сасып қалады. Жалма-жан жылап жатқан қызының бетін ашып қараса, қыз кемсеңдеп әкесінің бетіне қарайды. Одан әрі бала ләм-мим деп тіл қатпайды.

Діндар, тақуа Мамажай қызын жын қағып кетті ме деп, Құдайына құлшылық етіп, намазын оқып, қызын үшкіріп, бесікті отпен аластайды. Бірақ бұл оқиға біраз уақыттан соң тағы қайталанады. Молда енді саса бастайды. Өзі білетін дұғаның бәрін айтып, қызын ұшықтап, бесігін аршамен аластап, әбігер болады. Бұл оқиғаны өзінен басқа ешкім білмейді, айтуға дәті шыдамайды. Ал қызының отыра бастағаннан тілі шығып, сөйлей бастайды. Қыз үш жасқа келгенде жүн түтіп отырған шешесінің атын атап, өзі туған күні төбесінде қызылды-жасылды бір нәрсе ілулі тұрғанын және оның не нәрсе екенін сұрайды. Шешесі аң-таң болып, қызының бұл сұрағына жауап бере алмай, ойланып қалады. Ойлана келсе, қызы туатын күні таңертең алаша тоқуға иірген жіпті бояп, іліп қойғаны есіне түседі. Қызының сұрап отырғаны сол екен.

Қызы бес жасқа толады. Қызын жын-пері қаққан деген қорқынышпен сол өңірдегі белді молдаларға тексертеді. Олар ештеңе таппайды. Баланың денсаулығы, ақыл-есі дұрыс дейді.

Әулие қызды көреміз деп маңайдағы елдің адамдары Мамажайдың есігін босатпайтын болады.

Жалпы, Әулие қыз мазары – Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында орналасқан мазар. «Қыз бейіті» Суықбұлаққа жеті шақырым қалғанда тас жолдың батыс жағында, Шар өзенінің бойында тұр. Бүгінде зираты жаңартылып, ары-бері өткен жолаушылар әдейі тоқтап, ақтық байлап, тәуап етіп жатады.

 

Ерлан Оспан

 

Өзгелердің жаңалығы