Қазақстандық үш палуан әлем чемпионы атанды

16 Желтоқсан 2019, 11:08
3208
Бөлісу:
Қазақстандық үш палуан әлем чемпионы атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе қаласында өтіп жатқан қазақ күресінен әлем чемпионатында үш салмақ бойынша жерлестеріміз алтыннан алқа тақты.

Әлем чемпионатының финалдық ойындары бүгін 55, 60, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақта өткізілді. Ақтық сынға қазақстандық үш балуан шықты. Олардың қатарында Дәулет Ниетбай (55 келі), Нұрым Сәлімгереев (100 келі) және Руслан Әбдіразақов (100 келіден жоғары) бар. Үш спортшымыз да алтыннан алқа тақты.

Дәулет Ниетбай боз кілемде моңғол елінен келген қарсыласынан басым түсті. Ал Нұрым Сәлімгереев грузиялық Давид Лориашвилидің жауырынын жерге тигізді. Руслан Әбдіразақов та ресейлік Роман Бобиковтің осал тұсын таба алды. Естеріңізге сала кетелік, Роман Бобиков желтоқсан айының басында өткен "Әлем барысы" турнирінде Айбек Нұғымаровты жеңіп кеткен болатын.

Сонымен қатар, Ержан Еренқайыпов (60 келі) пен Әділжан Ыстыбаев (90 келі) қола жүлдегер болды. 
Өзгелердің жаңалығы