Қазақстан елшісі Сауд ханзадасымен инвестициялық жобаларды талқылады

29 Шілде 2020, 21:17
1256
Бөлісу:
Қазақстан елшісі Сауд ханзадасымен инвестициялық жобаларды талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арынның Kingdom Holding Company төрағасы – ханзада әл-Уәлид бен Талалмен кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың түрлі бағыттары және ханзада Әл-Уалид бен Талалдың Қазақстандағы инвестициялық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігі талқыланды. Қазақстандық дипломат ханзадаға еліміздің қазіргі ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалы, денсаулық сақтау, туризм, қонақ үй бизнесі, мұнайхимия өндірісі және басқа да маңызды салаларда жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сұхбаттың тағы бір тақырыбы Қазақстан мен ханзада Әл-Уалид бин Талал басқаратын "Alwaleed Philanthropies" қайырымдылық қоры арасында өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу мәселесі болды.

Сонымен қатар, тараптар әлемде коронавирус індетінің таралуы салдарынан орын алған тұрақсыз жағдай төңірегінде пікір алмасты. Бұл тұрғыда, Елші COVID-19 пандемиясының елімізде таралуына қарсы ҚР Үкіметінің қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.

Өз кезегінде, Ханзада Әл-Уалид бен Талал 2008 жылы Қазақстанда сапармен болғанын және оның барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін ыстық ықыласпен есіне алды. Саудтық бизнесмен Қазақстанның жаңа астанасының даму қарқыны үлкен әсер қалдырғанын атап өтіп, жаһандық пандемия аяқталғаннан кейін біздің елге тағы да сапармен келуге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ еліміздің басшылығына өзінің сәлемін жолдай отырып, ол Қазақстан халқына амандық және одан әрі өркендеу тіледі.

Өзгелердің жаңалығы