Бас жаңалықтар
Қазақстанға шұжықтың 85 пайызы Ресейден әкелінеді
06 Қазан 2020, 09:54 110

Қазақстанға шұжықтың 85 пайызы Ресейден әкелінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Қазақстанға шұжықтың 85 пайызы Ресейден әкелінеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

Шұжық өнімдерінің импорты 33,3 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте 85 пайызы көрші Ресейден әкелінеді. Ішкі нарық отандық өндірістің шұжық өнімдерімен 62 пайыға қамтамасыз етілген. Жалпы алғанда, ішкі нарықты шұжық өнімдерімен молықтыру жөніндегі міндет ет өңдеуші кәсіпорындарды айналым мақсаттарына қаржыландыру және фермерлерді малды союға өткізуге ынталандыру есебінен іске асырылатын болады, - дейді ауыл шаруашылығы министрі. 

Оның айтуынша, қуаты 103 мың тоннаны құрайтын ет өңдеуші кәсіпорындар салу бойынша 9 жоба іске асырылуда, олар ішкі нарықты шұжық өнімдерімен қамтамасыз ететін болады.

Ведомство басшысы сонымен қатар сүт шикізатына қайта есептегендегі сүт өнімдері импортының жалпы көлемі шамамен 500 мың тоннаны құрайтынын айтты.

Отандық сүт зауыттары бұл тауарларды өздері өндіре алады, дегенмен олардың өндірістік қуаттары толық жүктелмеген. Сапалы тауарлық сүт шикізатын өндіру көлемін ұлғайту мәселесін шешу қажет. Сондықтан министрлік орта мерзімді перспективада өнеркәсіптік тауарлық сүт фермаларын іске қосу және олардың қуаттылықтарын кеңейту есебінен тауарлық сүт өндірісін ұлғайту міндетін алға қойып отыр,- дейді Сапархан Омаров.

Ол сүтті мал шаруашылығын дамытуды ынталандыру үшін министрлік бірнеше шара қабылдағанын айтты.

Сүт фермаларын салу кезіндегі міндетті мемлекеттік сараптама талабы алып тасталды, бұл фермаларды жобалау мерзімін алты айдан бір жарым айға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Екінші деңгейдегі банктердің кредиттеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында кредит сомасының 85%-на дейін инвестордың қарыздарын кепілдендіру тетігі енгізілді. Сүтті, сатып алынған асыл тұқымды малды субсидиялау нормативтері, инвестициялық субсидиялау нормативтері қайта қаралды. Малдың өзін кепілге қоя отырып, асыл тұқымды малды сатып алуды қаржыландыру құралы енгізілді, - дейді министр. 

Оның айтуынша, бұдан бұрын жылына 3-5 өнеркәсіптік сүт фермасы іске қосылса, биыл жалпы қуаты 107 мың тонна сүт болатын 33 сүт фермасы жобасы іске асырылуда екен. 

Жалпы, кешенді жоспардың индикативтік тапсырмасы аясында жыл сайын 35 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын іске қосу жоспарлануда. Қазіргі уақытта облыс әкімдіктерімен алдағы жылға 39 сүт фермасын салу жобалары пысықталды. Міндеттерді іске асыру үшін кредит беру және мемлекеттік қолдау көрсету мақсаттарына 3 жылға қосымша 147 млрд теңге бөлу қажет етіледі. Бұдан басқа, Алматы, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы секілді сүт фермаларын салуды қаржыландыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды тартуды орынды деп санаймыз, - дейді Сапархан Омаров.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...