Бас жаңалықтар
Ауылдағы инфрақұрылымды дамыту маңызды – сенатор
28 Ақпан 2019, 20:19 583

Ауылдағы инфрақұрылымды дамыту маңызды – сенатор

Астана, BAQ.KZ. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев съезде әлеуметтік саланы дамытуға, көпбалалы аналарды қолдауға, ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға арналған ауқымды бағдарламалық доктринамен таныстырды.

Осыған орай Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев өз ойын ортаға салды.

«Жалпы бағдарламаға байланысты айтар болсақ, ауылды дамыту деген үлкен мәселе екені анық. Сондықтан Ауыл партиясының төрағасы ретінде «Нұр Отан» партиясының съезіндегі қабылданған бастамалардың бәрі біздің де ойымыздан шыққанын айтқым келеді. Себебі, оның бәрі халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты, елдің әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған мәселелер», - дейді ол.  

Оның айтуына қарағанда, біз үшін ең бастысы – ауылдарды сақтап қалу.

 «Қазіргі уақытта 7 мыңнан астам ауылды бөліп алып, соларға инфрақұрылымдық жағдай жасай отырып, ауылдағы азаматтарды тұрақтандыру өте маңызды екені даусыз. Халықтың барлығы қалаға көше бермей, ауылда тұрақтанса – нұр үстіне нұр. Елбасы жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін баса айтты. Әрине, бүгінгі таңда ол үшін жаңа кәсіпорындар ашылуы керек. Ауылды біз экономиканың негізгі драйверіне айналады деп отырмыз. Себебі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 29 пайызы ғана бүгінгі таңда қайта өңделеді. Сол ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға қыруар уақыт, қомақты қаражат қажет, ауқымды жұмыс жасалуы қажет. Егер сол кәсіпорындар жұмысқа кірісетін болса, көптеген жұмыс орындары ашылады», - дейді сенатор.

Одан бөлек, ауыл мектептерінің, денсаулық сақтау мекемелерінің жағдайын жақсарту да зор маңызға ие болып отыр.

«Осы мәселелерге баса назар аударылып, жұмыс нақты жасалатын болса, ауылдан ел көшпейді», - деп сөзін түйді Әли Бектаев.

Сізден жаңалық