Әуе қорғанысы күштерінде мамандарды даярлау жалғасуда
PHOTO
25 Қазан 2021, 21:27 138

Әуе қорғанысы күштерінде мамандарды даярлау жалғасуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Әскери-әуе күштерінің авиациялық базаларында оқу-жаттығу ұшулар өткізілуде. Жердегі және әуедегі қарқынды сабақтар ұшу экипаждарын, инженерлік-техникалық құрамды және қамтамасыз ету бөлімшелерін даярлауға ықпал етеді.

Аптасына үш рет ұшқыштар тиісті жаттығулар мен нормативтерді қамтитын рейстерді орындайды. Әр ұшу алдында авиация базаларының жеке құрамымен жерүсті дайындығы сапалы жүргізіледі. Оған жаттығу кешенінде жаттығуларды орындау, қауіпсіздік шараларының сақталуын тексеру, штаттан тыс жағдайда сауатты іс-қимыл жасай білу, сондай-ақ ұшу алдындағы дайындықты бақылау кіреді.

Жаттығу ұшуларын тұрақты орындау ұшу экипаждарының кәсіби дағдыларын жетілдіруге, әуе ұрысын жүргізудің, жердегі және теңіздегі нысаналарға әуеден соққы берудің жаңа әдістерін меңгеруге мүмкіндік береді. Авиаторлар сонымен бірге әуе барлауын жүргізуде және майдан авиацияның әуе кемелерінде орнатылған радиоэлектрондық күрестің арнайы жабдығын қолдануда тәжірибе жинақтайды.

Әуе кемелерінің экипаждарын оқыту үрдісіне биік таулардан және су үстімен түнгі ұшулар енгізілген. Сонымен қатар жабдықталған және жабдықталмаған алаңдарға десант түсіруге, жаралыларды көшіруге, іздестіру-құтқару жұмыстарын қамтамасыз етуге, түрлі жүктерді тасымалдауға, оның ішінде сыртқы аспада тасымалдауға байланысты тапсырмалар бар.

Ұшу экипаждары оқу-жауынгерлік тапсырмаларды күндіз және түнгі мезгілде күрделі ауа-райы жағдайларында да орындайды. Жаттығу ұшуларын орындау нашар көрінетін, жауын-шашынды және құбылмалы ауа-райында қиындай түседі.

Таулы жерлерде желдің бағыты мен атмосфералық қысымның күрт өзгеруінен, ал су бетінде бағдарлардың болмауынан ұшу күрделенеді.

Тәуліктің қараңғы уағында түнгі көру аспаптарын пайдалана отырып және борттағы жарықтарды толық сөндіру арқылы ұшулар жүргізіледі. Бұл шаралар шартты қарсыластың артынан жасырын ұшу нормативтерін пысықтауға мүмкіндік береді.

Әскери-әуе күштеріндегі жауынгерлік даярлық әуе шабуылы құралдарының дамуы мен оларды қолдану тәсілдерін ескере отырып, ұдайы жетілдіріледі. Қазіргі қарулы қақтығыстарда күрестің жаңа түрлері де ескеріледі. Бұл жеке құраммен жауынгерлік іс-қимыл тәжірибе жүзінде жүргізіліп, жаңа әдістер мен тәсілдерді үйретуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы полковник Нұрболат Топаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда экипаждардың жалпы ұшуы 11 мың сағаттан асқан және бұл жақсы сандық көрсеткіш. Жылдан жылға Әуе қорғанысы күштерінің авиациялық базаларында жеке құрамның жауынгерлік даярлығына бөлінген сағаттардың артуы оң үрдіске айналуда.


Фото: дереккөз
Загрузка...