Ауған қасіретіне арналған кітап жарық көрді

13 Ақпан 2019, 14:39
3410
Бөлісу:
Ауған қасіретіне арналған кітап жарық көрді

Көкшетау, Baq.kz тілшісі. Көкшетауда жазушы, публицист Әлия Ахетованың «Беймәлім сол бір соғыс...» атты кітабы жарық көрді. Бұл туынды Ауған соғысының аяқталғанына 30 жыл толуына арналған.

Ауған тақырыбына қалам тартып жүрген жазушының бұл екінші кітабы. Автордың алғашқы туындысы 2017 жылы жарық көрген болатын.

Басты мақсат – жауынгерлердің өз көзімен көрген әскери іс-қимылдарды қағаз бетіне түсіре отырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізу екенін айтады кітап авторы.

Ауған қасіретіне арналған кітап жарық көрді

«Кітап құрастыру ойған келгеннен бастап шалғайдағы елді мекендерді аралап, ақмолалық Ауған соғысының қатысушыларын іздедім. Бұрынғы Көкшетау облысы бойынша Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген 29 азамат көз жұмды. Өрімдей жас жігіттердің өмірі жат жерде қиылып, еліне қара табыт әкелінді. Ата-ана ұлының жүзін соңғы рет көруге зар болды. Ал балам бір күні есікті ашып, кіріп келер ме екен деген үмітін үзбеген аналар қаншама?! Өйткені ана ғана перзентін көзі жұмылғанша күтіп өтеді. Жүздеген жауынгерлермен кездестім. Олар сақтаған құпия, естеліктер болашақ ұрпаққа жетуі керек деп ойлаймын», - дейді Әлия Ахетова.

Автордың кітабы соғыс азабын көрген мыңдаған тағдыр иелерін суреттейді, ол оқырманға жат елдегі қанды қырғынның беймәлім тұстарын таныстырады.

Ауған қасіретіне арналған кітап жарық көрді

Оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгерлердің тағдырын жазу барысы нәзік жан иесіне қаншалықты ауыр болғаны қызықтырды оқырман қауымды.

«Зерттеу барысында беймәлім соғысты көзімен көрген жауынгерлердің небір бастан кешірген оқиғалары көбірек қызықтырды. Елдің бәрі білетін фактілерге онша назар аудармадым. Қоғамға таныс емес, қалтарыста қалған тағдыр иелерін іздедім. Жасырары жоқ, Ауған ақиқатын кеңес үкіметі жасырып, жабық күйінде ұстағысы келді. Кітапты жазу барысында кейіпкерлеріммен сұхбаттасқанда деректерді суыртпақтап ала алмай қиналғаным рас. Кітапты жаза бастағаннан ана сүті аузынан кеппеген жастардың көрген азапты күндерін жүрегімнен өткердім. Әрине, бұл соғыстың әлі де айтылмаған ақиқатын жазу келешектің еншісінде», - дейді кітап авторы.

Ауған қасіретіне арналған кітап жарық көрді

Зиялы қауым өкілдері ауған қасіретіне арналған кітап жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор екенін айтады.

«Ол уақытта заман солай болды. Солақай саясат талай жасты қанның ортасына апарып тастады. Сексенінші жылдары Ауған соғысына қатысқан Тоқтабай есімді жігіт жайлы алғаш қалам тербегенім есімде. Сол тұста кеңестік цензура қатал еді. Жазғаным ұзақ тексерілді. Кейін мақалам қысқартылып қана берілді. Соғысқа қатысқан жауынгерлердің әрқайсысының ерлік жолы ұрпаққа өнеге. Елбасының «Әлем 21 ғасыр» манифесінде «Әлемді соғыс елесі кезіп жүр» дегені бар. Соғыс – адамдардың трагедиясы. Ендігі арада елімізде қайғы-қасірет болмасын», - дейді жазушы, драматург Жабал Ерғалиев.

Әсем Ұланқызы.

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы