Атыраулық еріктілер жақсылық жасап жарысуда

7 Сәуір 2020, 21:15
3301
Бөлісу:
Атыраулық еріктілер жақсылық жасап жарысуда
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атыраулық еріктілер "Жақсылық жаса!" акциясы аясында мұқтаж жаңдарға 100 азық-түлік себетін таратты. Оның ішінде көкөністер, күнбағыс майы, күріш, макарон өнімдері, қаймақ, тұз, қызанақ пастасы, бұқтырылған ет, тәттінің түр-түрі бар. 

Еріктілер әрбір тұрғынның есігінің алдына дейін апарып берді. Себеттердің бірі Гүлбақыт Қызылташқа да бұйырды. Көпбалалы ана карантин уақыты біткен соң, отбасылық жағдайының жақсаратынына сенеді.

Маған қиын шақта қолдау танытып, көмектескен жандарға алғысымды айтқым келеді. Жақында бәрі қалыпқа келеді деп үміттенемін.Қайырымдылық жасап, қолдау көрсетіп жатқан, барша азаматтарға мың алғыс, - дейді Атырау қаласы тұрғыны Гүлбақыт Қызылташ.

Бұл акцияға "Азаматтық орталықтың" жанынан құрылған еріктілер штабы, яғни, "Игі іске бастама", "Қызыл жарты ай", "Жүректен жүрекке", "ААА Атырау", "Самға, жүрегім", "Ынтымақ Атырау" ұйымдарының белсенділері ат салысты. Олардың көмегімен жеті күннің ішінде 1 млн теңге қаржы жиналған.

Осы себеттерді алуға қол ұшын созған әр жанға алғыс айтқым келеді. Себебі қазір көмекке мұқтаж адамдар көп. Ал карантинның қашан бітері белгісіз. Сондықтан осындай акциялар жалғасын таба береді деген ойдамын, - дейді еркіті Гүлназ Қосмұрзиева.

Белсенділер тобы осымен тоқтап қалмайды. Олар алдағы уақытта азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді жеткізу, рейд ұйымдастыру, медициналық көмек көрсету, маска тігу және азық-түлік бағаларына мониторинг жасау секілді бес бағытта жұмыс жасайтын болады.

Өзгелердің жаңалығы