Бас жаңалықтар
Атырауда шегірткеге қарсы жұмыстар жүргізіледі
19 Маусым 2019, 11:45 358

Атырауда шегірткеге қарсы жұмыстар жүргізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Мақаш ауылдық округінде далалық штаб отырысы өтті, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Штаб отырысындағы қаралған басты мəселе, шегіртке тектес зиянкестерге қарсы тұру. Яғни, үйірлі шегірткенің белең алып кетпеуін қадағалау. Осы орайда үйірлі шегірткемен күресу үшін химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп келеді. 

«Биыл судың аз келуіне байланысты, шегіртке тектес зиянкестердің шығатын аумағы ұлғаю қаупі бар. Сол себепті бүгінгі штаб отырысында, осы мəселенің алдын алу мақсатында барлығымыз жиналып отырмыз. Өңіріміздегі мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына зиян келмеу үшін,бірлесіп жұмыс атқаруымыз керек», - дейді Атырау облысы əкімінің орынбасары Əлібек Нəутиев.

Атырау облысында азиаттық шегіртке жəне итальяндық прус деп аталатын екі түрі кездеседі. Азиат шегірткесі көлтабандар мен қамысты алқаптарда мекен ететін болса, итальян прусы мал жайылатын жайылымдарда мекендейді. 

«Жылда біздің инспекция өз жұмысын атқарып келеді. Биыл республикалық бюджеттен облыс бойынша, үйірлі шегірткелерге қарсы 8640 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Жер үсті тəсілімен жүргізілсе, қолайсыз көлік бара алмайтын жерлерге жеңіл дельталет арқылы əуе тəсілімен өңделеді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен саяқ шегірткеге қарсы 3540 гектарға химиялық өңдеу жұмысы жүргізілетін болады», - дейді ҚР АШМ АӨК МИК-нің Атырау облыстық аумақтық инспекция басшысы Абат Жанғалиев. 

Штаб отырысына «Россельхозцентр» ФМБМ Астрахань облысы филиалының басшысы Виктор Шляхов қатысып, бірлесіп жұмыс жасаудың маңыздылығына тоқталды. 

«Астрахань облысы мен Атырау облысы шекаралас орналасқаннан кейін,бірлесіп жұмыс атқаруымыз маңызды. Себебі, үйірлі шегіртке бір орыннан екінші орынға ұшып-қонып жүреді. 2017 жылы Дагестан аймағы жағынан маракандық үйірлі шегіртке ұшып келіп, соған қарсы тұрған болатынбыз. Ол шегірткемен күресу қиын. Сол себепті, биылғы жылы да сол үйірлі шегірткенің күш алып кетуін тоқтату мақсатында, Астрахань облысында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр», - дейді Виктор Шляхов.

Сізден жаңалық