Атырауда Ресейден әкелінген көліктің нөмірі 3 көлікке тіркелгені анықталды
09 Қараша 2021, 12:13 267

Атырауда Ресейден әкелінген көліктің нөмірі 3 көлікке тіркелгені анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда Ресейден әкелінген көліктің нөмірі 3 көлікке тіркелгені анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы аумағында 8-17 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шараның алғашқы күнінде сағат 17:00 шамасында Ақтау-Атырау тас жолында патрульдік полициясы қызметкерлері жылдамдықты асырғаны үшін маркасы Toyota Ipsum Ресей автокөлігін тоқтатып, әкімшілік хаттама толтырды. Содан автокөліктің құжаттарын тексерген кезде автокөліктің тіркеу белгісімен маркасы сәйкес келмейтіні анықталған. Яғни аталған мемлекеттік белгі Nissan Fuga және MАЗ автокөліктеріне тіркелгені анықталды. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 386-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды, – деді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Берік Амангелді.

Сондай-ақ облыс аумағында Қазақстан аумағында жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар 100-ден астам ресейлік автокөлік анықталған. Бұны сатып алған адам көлік Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлеймін деп кез келген уақытта одан бас тартады. Ал қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды.

Шетелдік нөмір таққанымен ешқайда тіркелмеген автокөліктерді анықтап, заңды шарасын қабылдау мақсатында жұмыстар жалғастырылуда, – деді Берік Амангелді.
Айта кетейік, осы жылдың 10 айында облыс көлемінде өзге мемлекеттердің тіркеуінде тұрған автокөліктерді басқарған жүргізушілердің кінәсінен 62 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 17 адам қаза болып, 75 адам дене жарақаттарын алған. 2021 жылдың 10 айында шетелдік автокөліктермен жол жүру ережесін бұзған 4096 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталған.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...