Бас жаңалықтар
Атырауда әкім қызметінен бас тартып, полицей болды
14 Қаңтар 2021, 11:12 192

Атырауда әкім қызметінен бас тартып, полицей болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау тұрғыны Зинел Қайыров учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс істеу үшін әкім қызметінен бас тартты. Аталған полицейдің қызықты оқиғасын Атырау облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі тарқатып айтып берді.

Зинел Қайыров бала күнгі арманын орындау үшін осыдан екі жыл бұрын ауыл әкімі лауазымынан бас тартқан. Бүгінде ол - Атырау қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі басқармасының учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады. 2009 жылы Атырау мемлекеттік Х.Досмұхамедов атындағы универсетінде​ тарих мамандығы бойынша тәмамдап, ең алғаш еңбек жолын Мақат ауданындағы ​ Х.Санбаев атындағы орта​ мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастайды. Кейін Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылдық округінде әкім болып қызмет еткен. Бала күнінен құқық қорғау саласына қызығушылық танытып, осы сала маманы болуды армандаған Зинел осыдан екі жыл бұрын ішкі істер органдарына қызмет ауыстырады. Солайша, өзінің бала күнгі арманына қол жеткізеді.

Қазіргі кезде ол Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылының тәртібі мен тыныштығын күзетеді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өзінің азаматтық борышы санаған жас полицей бүгінде жемісті жұмыс атқарып жүр.


Ел іші мәселесіз болмайды. Ұрлық, төбелес, ішімдік ішу және тағы да басқа сан түрлі қылмыс пен келеңсіздіктің алдын алу да оңай шаруа емес. Мұндай жағдайлар көбінде тұрғындардың да ішкі мәдениетінің төмендігінен туындайды. Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында біз ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жиі жүргіземіз. Әрине, тәртіп сақшысының міндеті – қоғамдық тәртіпті қадағалау, қылмысты мейлінше болдырмау, оның алдын алу. Бүгінде ауыл жастарының тәртібі жақсы. Егер көшеде түнде балаларды көріп қалсақ, олардың ата-аналарына да, өздеріне де ескерту жасаймыз. Себебі, баланың болашағы бүгінімен тікелей байланысты -, дейді полиция аға лейтенанты. 

Үйінен таңда шығып, түннің бір уағында ғана оралатын Зинел өзіне артылған осынау міндетті жете түсінетінін де жеткізді.

Аға лейтенант бүгінде мемлекеттің ішкі істер саласының қызметкерлеріне тиісті қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Ол отбасымен қызметтік пәтерде​ тұрады.​ Полицей өзі сияқты жас отбасыларға, мамандарға мейлінше қолдау көрсетіп отырған мемлекетке адал қызмет етуді басты міндетім деп санайды. Өзінің темірдей тәртібімен, жүйелі жұмысымен көзге түскен Зинел Қайыров өңірдегі ішкі істер саласындағы басшылардан да лайықты марапаттарын алып жүр.


Фото: дереккөз
Загрузка...