Қазақстан мен Бразилия атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланбақ

12 Қыркүйек 2019, 16:19
2583
Бөлісу:
Қазақстан мен Бразилия атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланбақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазатомөнеркәсіп» қазақстандық уран өндіруші компаниясы Бразилияның атом өнеркәсібіне қажетті табиғи уранды жеткізуге арналған тендерді кезекті рет жеңіп алды. 

ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, компания 393 тонна табиғи уранның гексафторидін жеткізуге арналған бразилиялық мемлекеттік «Indústrias nucleares do Brasil» (INB) компаниясының халықаралық конкурсының жеңімпазы деп танылды.

Алғаш рет «Қазатомөнеркәсіп» INB бәсекесінде 2018 жылы сәуірде жеңіске жетіп, 250 тонна табиғи уран концентратын оңтүстікамерикалық елге жеткізген болатын. Бұл атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша қазақстандық-бразилиялық ынтымақтастықты дамыту және Латын Америкасы аймағының елдерінің нарықтарына жеткізілетін қазақстандық экспорттық өнім түрлерін кеңейту тұрғысында маңызды болды.

«Екі ұлттық кәсіпорын арасындағы іскерлік байланыстар нығаю үстінде. Осы жылы қазақстандық атом компаниясының делегациясы тәжірибе алмасу және тұтастай алғанда атом саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында Рио-де-Жанейроға сапармен барып келді. Сапар барысында «Қазатомөнеркәсіп» мамандары елдің атом энергетикасы саласындағы қызметін реттейтін Бразилия құрылымдарының басшылығымен келіссөздер өткізіп, Бразилияның атом индустриясының стратегиялық нысаны болып табылатын «Ангра» атом электр станциясында болды. Тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екіжақты серіктестікті дамытудың маңыздылығын атап өтіп, көп ұзамай екі елдің үкіметтері атом саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бойынша уағдаластыққа келетініне үміт білдірді».

INB ядролық материалдарды өндіру мен коммерцияландыру жөніндегі мемлекеттік кәсіпорын болып табылады. INB қызметі Атом энергиясы жөніндегі ұлттық комиссия (CNEN), Бразилияның қоршаған орта және жаңартылатын табиғи ресурстар институты (IBAMA) және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (IAEA) тараптарынан лицензияланады және бақыланады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Бразилиядағы мүдделерін Қазақстанның осы елдегі елшілігі білдіреді.

Өзгелердің жаңалығы