Бас жаңалықтар
Астанадағы шұжық зауытының іске қосылу мерзімі белгілі болды
05 Ақпан 2019, 11:58 968

Астанадағы шұжық зауытының іске қосылу мерзімі белгілі болды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Үкіметтің кезекті отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалар қалай жүзеге асырылатынымен бөлісті. 

«Ет экспортын арттыру бойынша берілген тапсырманы орындау үшін етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыру жалғасатын болады. Оған қаржы бөлінді және нақты индикативтер айқындалды. Ол үшін 1,2 млн. бас ірі қара малды тұқымдық түрлендіру, бордақылау алаңдарына 353,6 мың бас бұқашық жеткізу, 100 мың бас ірі қара мал және 415,75 мың бас ұсақ мал сатып алу қажет», - деді министр. 

Шөкеевтің айтуынша, 2019 жылы 30 мың тонна сиыр етін экспорттау жоспарланып отыр.

Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2018 жылы құдықтарды салу жоспары 722 бірлікті құраса, нақты 1873 бірлік құдық салынды. Оның ішінде 1369 құдықты салуға 6082 млн теңге субсидия берілді. Нәтижесінде, 2244,4 мың гектар жайылым, оның ішінде 186,5 мың бас ірі қара мал, 531,6 мың бас ұсақ мал, 57,4 мың бас жылқы, 34,3 мың бас түйе су көзімен қамтамасыз етілді. 2019 жылы республика бойынша 1069 бірлік құдық салу жоспарлануда. Құдық салуға кеткен шығынның 80% мемлекет субсидиялайды. Оған биыл 4,8 млрд теңге көзделген», - деді ведомство басшысы. 

Сонымен қатар, Шөкеев елордада шұжық өнімдерін дайындайтын кәсіпорын құрылысының жайымен бөлісті. 

«Мемлекет басшысының Астана қаласында шұжық өндіретін зауыт салу жөніндегі тапсырмасының шеңберінде «Ерейментау Ақбас» компаниясы заманауи ет комбинатын салу жобасын іске асыруда. Жобаның құны 5,4 млрд. теңгені құрайды. Ет комбинаты жылына 20 мың тонна ет өңдейді. Кәсіпорынға Еуропада өндірілген жабдықтар орнатылады. Онда мал сою, шұжық өнімдері мен ет консервілерін өндіру жүзеге асады. Жоба аясында 150 адамға жұмыс орны ашылатын болады. Дайын өнімді Ресей, Қытай және Таяу Шығысқа экспорттау жоспарланып отыр. Объектіні салу үшін Астана қаласының әкімдігі 3,2 гектар жер учаскесін бөлді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары басталды. Ет комбинаты 2019 жылдың 4 тоқсанында іске қосылатын болады», - деп есеп берді министр.

Ақмарал Шағатай

Сізден жаңалық