Әскерилер идеологиялық жұмыс тұжырымдамасын талқылады

29 Қазан 2020, 20:44
1587
Бөлісу:
Әскерилер идеологиялық жұмыс тұжырымдамасын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде Қарулы Күштердегі, басқа әскерлері мен әскери құрамаларындағы идеологиялық жұмыстардың Ведомствоаралық тұжырымдамасын талқылады.

Онлайн-режимінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысы Бас штаб бастығының орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы бірінші дәрежелі капитан Серік Борамбаевтың басшылығымен өтті.

Осы бағыттағы қызметке қатысты бұрынғы құжаттар өзектілігін жоғалтқан. Жастардың ыстық ақылы мен жылы жүрегіне жол табу үшін жаңа құжатты қабылдау қажеттілігі туындады. Бұл жоба Қарулы Күштердің жеке құрамымен тәрбие жұмыстарының басым бағыттарын, мықты көзқарастар, идеялар, нұсқаулардың бірыңғай жүйесін көрсетеді.

Аталған Ведомстваралық тұжырымдаманы талқылауға Қарулы Күштердің ардагерлері, Ұлттық ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері, Ұлттық қорғаныс университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Бас штаб бастығының орынбасары – Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы бірінші дәрежелі капитан Серік Борамбаев дөңгелек үстел басындағыларды аталған бағыттағы қызметтің басымдықтарымен таныстырды. Ол бүгін әскери қызметшілердің моральдық-жауынгерлік рухының жағдайына жауапты бөлімшелердің негізгі күші Елбасының бағдарламалық мақалалары мен Мемлекет басшысының Жолдауларын түсіндіруге, патриотизмді нығайтуға, әскери қызметтің беделін көтеруге және жігерлендіруге бағытталғанын айтты.

Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруға дейінгі жастардың патриоттық тәрбиесі жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізуде. Барлық өңірде «Жас сарбаз» қозғалысының филиалдары жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 200 мыңнан астам баланы қамтитын 6 700-ге жуық әскери-патриоттық клуб құрылған. Оларға алты мыңнан астам тәрбиеленушілермен айналысатын 388 үйірме ұйымдастырылған.

Армияның жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеті әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық өсуіне байланысты. Талқылау барысында теріс ағымдағы күштер көбіне жастарды ахуалды тұрақсыздандыруға пайдалануға тырысатыны атап өтілді. Радикалды дін ағымындағы идеологияны жақтаушылар халықаралық лаңкестік және діни-экстремистік ұйымдарға тарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы мақсатта әлеуметтік желілерде олар ұлтаралық және конфессияаралық алауыздық, жанжал шығарып, қақтығыстар туғызуда.

Отырыста шетел армияларының идеологиялық тәрбиелеу тәжірибесін, жүйесін зерделеу қажеттілігі атап өтілді. Заманауи қазақстандық қоғамның рухани құндылықтар жүйесімен үндескен барынша маңызды және қолайлы жұмыс нысандары мен әдістерін қарау ұсынылды. Ведомстваралық тұжырымды дайындау жөніндегі жұмыс жалғасын табады.

Өзгелердің жаңалығы