Бас жаңалықтар
Асқар Жұмағалиев ірі корпорацияларды отандық стартаптар мен IT компанияларды қолдауға шақырды
25 Маусым 2019, 12:05 253

Асқар Жұмағалиев ірі корпорацияларды отандық стартаптар мен IT компанияларды қолдауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев бүгінгі Үкімет отырысында ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың 1% қаражатын ғылыми зерттеу жұмыстарымен қатар цифрлық жобаларға бағыттау бастамасын қолдауға шақырды.

Министр жиын барысында IT саласындағы инновациялық экожүйені дамыту мәселесіне тоқталып, 2018 жылы құрылған Астана хаб халықаралық технопаркінің жетістіктерін баяндады.

«Қазіргі таңда Астана хаб ұлттық инновациялық экожүйе ретінде қалыптасуда. Оны құру негізіне Сингапур, Оңтүстік Корея, Израиль сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі алынды. Қазіргі таңда алғашқы қадамдардың нәтижелері бар. Атап айтқанда 2018-2019 жылдары ішінде IT стартаптардың өздері 29 млрд теңге инвестиция тартты. Сондай-ақ, 2018 жылы IT қызметттерінің экспорты 7,5 млрд теңгеге дейін жетті. Өткен жылға қарағанда өсу қарқыны 155 процент. Оған қоса 261 стартап инкубация бағдарламасынан өтті», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда технопарк 100 пайыз толғанын және экожүйе бірнеше бөліктерден тұратынын айтты.

«Біріншіден, преференциялар туралы айтқым келеді. 2018 жылы салық жеңілдіктерін ұсынатын заң қабылданды. Бұл жеңілдіктер басқа өңірлердегі барлық IT компанияларға қолжетімді. Оған қоса Астана хабтың қатысушылары үшін шетелдік мамандарды тартудың ерекше шарттары қарастырылған. Осы күнге дейін 120 өтініш келіп түсті, оның ішінде 52 компания тіркеуден өтті», - деді Жұмағалиев. 

Сөз арасында ол Астана хабтың ең басты міндеттерінің бірі инвестиция тартуға қолайлы ортаны қалыптастыру екенін атап өтті. Өткен жылы венчурлық қаржыландыру туралы заң қабылданыпты. Соның арқасында QAZANGELS бизнес клубы құрылған, сонымен қатар екі венчурлық қорды іске қосатын QAZTECH VENTURES қоғамы ашылыпты. 

«Экожүйені дамытудың негізгі драйверлерінің бірі өндірістік сектордан тапсырыстар алу. Нарықта бәсекеге қабілетті IT компаниялар мен стартаптардың базасы құрылған. Осыған байланысты ірі корпорацияларды осы үрдіске қосылуға және отандық стартаптар мен IT компанияларды қолдауға шақырамын. Сонымен қатар, ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың 1% қаражатын ғылыми зерттеу жұмыстарымен қатар цифрлық жобаларға бағыттау бастамасын қолдауды сұраймын», - деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...