Армиялық қоян-қолтық ұрыс шеберлері Азия чемпиондары атанды

11 Шілде 2019, 23:18
2479
Бөлісу:
Армиялық қоян-қолтық ұрыс шеберлері Азия чемпиондары атанды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстанда өткен Азия чемпионатындағы қоян-қолтық жекпе-жекте АОСК-ның спортшылары 5 алтын және 1 күміс медальді жеңіп алды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.


Үш күнге созылған додада таяу және шет елдің 12 елінен келген 120-дан аса мықты балуан мықты деген атақты иемдену үшін бақ сынасты. Турнир Қырғыз Республикасының Шолпан ата қаласында «HISF»  халықаралық қоян-қолтық жекпе-жек күнтізбесі аясында өтті.

img_6146_20754.jpg

Қазақстан Қарулы Күштерінің қоржынын АОСК-ның мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Ораз Аслан (70 кг) және армиялық спортшылар Тұрсын Аян (50 кг), Белоусова Зинаида (55 кг), Рахмонова Сора (60 кг) және Жүнісова Мереке (75 кг) алтын медальдармен толықтырды. АОСК-ның мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Мәдихянов Жандос (55 кг) «күміс» жүлдені еншіледі.

«Мұндай жоғары деңгейдегі турнирлерге қатысу армиялық спортшылар үшін мол тәжірибе екендігі даусыз. Біздің жігіттер мықты рух пен жақсы дайындық көрсетті. Медальдармен және грамоталармен марапатталды. Біз осы жарысқа мұқият дайындалдық, оқу-жаттықтыру жиынынан өттік. Палуандарымыздың бүгінгі жеңісі қажырлы жұмыстың жемісі», - деді қоян-қолтық жекпе-жектен АОСК командасының бастығы майор Мұрат Бижанов.

Ведомстводан хабарлағандай, Қазақстанның Қарулы Күштерінде спорттың әскери-қолданбалы түрлері, әсіресе, армиялық қоян-қолтық жекпе-жек айрықша мәнге ие. Аталмыш спорт түрін насихаттау мақсатында Қазақстанның армиялық қоян-қолтық жекпе-жек федерациясы құрылды.

Бұдан басқа, Қорғаныс министрі – Бүкілқазақстандық қоян-қолтық жекпе-жек ассоциациясының төрағасы Н. Ермекбаевтың жетекшілік етуімен Қарулы Күштердің ауқымында ғана емес, сонымен бірге, халықаралық аренада армиялық қоян-қолтық жекпе-жектен іріктеу турнирлері жиі түрде өткізіліп тұрады.  Армиялық спортшылардың жетістіктерінің арқасында Қазақстанның құрама командасы жалпы командалық есепте бірінші орынға жайғасты, екінші орын ресейлік спортшыларға бұйырса, үшінші орынды Қырғызстанның спортшылары місе тұтты.



Өзгелердің жаңалығы