Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу мерзімі ұзартылды

27 Ақпан 2021, 16:27
1467
Бөлісу:
Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу мерзімі ұзартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандықтардың Армениядан әкелген көліктерін тіркеу мерзімі ұзартылды, деп хабарланды Polisia.kz сайтында. 

Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Армения Республикасының уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарына тіркелген және 2020 жылғы 1 ақпанға дейін Қазақстанға әкелінген көлік құралдарын тіркеу бойынша жұмыс жүргізуде. 

Қазір тіркеу шарттарына сәйкес 20 мыңнан астам автомобиль есепке қойылды. 

Сонымен қатар 1 мыңнан астам автокөлік иелеріне өз автомобильдерін тіркеуге немесе оларды елден тыс жерлерге әкетуге мүмкіндік бермеген бірқатар объективті себеп бар. Атап айтқанда, күрделі эпидемиологиялық жағдайға және карантиндік шектеулердің ұзаққа созылуына байланысты мемлекеттік шекараны кесіп өту шектеулерінің салдарынан автокөлікті Арменияға кері әкету проблемалары туындады. 

Сондай-ақ карантинге және аккредиттелген зертханалардың барлық өңірде болмауына байланысты кейбір автокөлік иесі қайта жабдықталған автомобильдерді уақтылы сынақтан өткізе алмады. 

«Қаржы пирамидалары» бойынша қылмыстық істерді тергеуге байланысты иелерінің басым бөлігі адал сатып алушылар болып табылатын бірқатар автомобильді (автокөлік ломбардтардағы, микрокредиттік ұйымдардағы кепілдік мүлік болып табылады) пайдалану шектелген. Осы проблемаларды ескере отырып, Үкімет биылғы жылдың 27 ақпанында осындай автомобильдерді тіркеу мерзімдерін 2022 жылғы 1 наурызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады (Үкіметтің №104 қаулысы). 

Осылайша Армения Республикасында тіркелген және біздің елге 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көлік құралдарының иелері – Қазақстан азаматтарына өз автомобильдерін есепке қою мәселелерін шешу үшін қосымша уақыт берілді. 

Сонымен қатар қазір Армения Үкіметімен келісім бойынша Қазақстанда тіркеуден өткен осындай автомобильдердің иелерін Армениядағы салық міндеттемелерінен босату туралы үкіметаралық келісім ішкі және мемлекетаралық рәсімдерден өтуде. Бұл шаралар автокөлік иелері үшін (Армения мен Қазақстанда) қосарланған салық салуды болдырмауға бағытталған. Мемлекеттік органдар Үкіметтің аталған шешімдерін іске асыру бойынша тиісті шаралар қабылдайтын болады, - делінген хабарламада.
Өзгелердің жаңалығы