Маңғыстау жерінде әуе шарымен көкте саяхаттауға мүмкіндік туды

27 Ақпан 2021, 16:07
2646
Бөлісу:
Маңғыстау жерінде әуе шарымен көкте саяхаттауға мүмкіндік туды
Фото: автордан

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Каспий жағалауында орын тепкен шаһар аспанында әуе шары қалықтап жүр. Мұндай туристік жоба өлке тарихында бұрын-соңды болмаған еді.

Қаңтар айында ақтаулық азамат өз қаражатына шар сатып алып, туристерге қызмет етуге қала әкімдігінен рұқсат алады. Айтуынша, далалық жерлерде күн тымық күндері өткізген сынақтық ұшулары сәтті болған. Осы күнге дейін қалықтау аппаратының көмегімен жүздеген адам Ақтаудың келбетін, теңіз бетінде әдемі көріністердің куәгері болып үлгерді.

Олег есімді әуесқой пилот жұмыстан бос уақытында жол талғамайтын көлікке мініп, Маңғыстау өңірінен бөлек көрші аймақтардың түкпір-түкпірін аралап көргенін айтты. Өзі көрген қайталанбас сұлу табиғат сипатын аспаннан тамашалауды армандап, жиған-терген 5 млн теңгесіне Ресейден әуе шарын сатып алады.

Өткен жылы көрші мемлекетке арнайы барып, зәулім әуе шарын сатып алдым. Оны қараша айында Ақтауға жеткіздім. Жалғыз өзім бәріне үлгермейтін болғасын, топ құруды ойладым. Көп ұзамай тағы 3 жігітті тауып, барлығымыз бірге Алматыға барып келдік. Ол жақта арнайы курсты аяқтап, сертификат алдық. Қазір командада екінші пилот және екі техник бар. Жаңа жыл алдында өзіміз сынақ түрінде бірнеше рет көкке көтеріліп, әуе шарын басқару тетіктерін меңгердік. Гандола, яғни адам мінетін төртбұрышты қорапшаға дене бітімі шағын болса, 4 адамға дейін еркін сияды, - дейді Олег Агиев.

Туристер мен қала тұрғындарының зор қызығушылығын оятқан әуе шары 1-шағын аудандағы стадион алаңында ұшып-қонады. Шаһар билігі кәсіпкерге әзірге осы жерді пайдалана тұруға рұқсат беріпті. Қазірде әлеуметтік желілерде аспанда тұрған қызғылт-көк түсті шардың фотосуреттері толтырып үлгерді.

Жоба авторының сөзінше, еуропадағы үрдіске еліктеген жастар негізінен сүйіктісіне сөз салып, саусағына жүзік кигізу үшін әуе шарын жалдайды екен. Бұл ретте 15 минутқа көкте қалықтау ақысы бір адамға 8 мың теңгеден басталады.

Былай қарасаңыз, үлкен болып көрінеді. Ішіндегі ауасын шығарып, жинасақ салмағы үш келіден сәл асады. Джип көлігіне салып, қалаған жерге апаруға болады. Діттеген жерге жеткен соң газ-баллонды ыстық ауа үрлеу құрылғысына жалғап, шарды гандолаға байлау әрі кетсе жарты сағаттан аспайды, - дейді Александр есімді екінші пилот.

Әзірге әуе шары тек стадион үстімен көкке көтеріліп, жерге қонады. Бір жерден екінші орынға ұшуы үшін арнайы рұқсат керек. Сондықтан жолаушылар мінетін гандола қалықтау алды бірнеше жерден жерге байланады. Далалық жағдайда көліктің дөңгелектеріне жалғанады. 

Пилоттардың айтуынша, жел қаншама күшті болса да әуе шарын сүйретіп әкетуге шамасы жетпейді.

Қауіпсіздік ережелері мұнда да қатаң сақталады. Техниктер алдымен әр адамға гандолада қалай тұру қажеттігін, рұқсатсыз шарды басқару тетігін ұстауға болмайтынын ескертеді. Осы тектес талаптарды таныстыру соңында борт журналына қолын қойдырады.

Осы шар қазір Ақтауда хит болып тұр. Күн ашық болса, теңіз жақтан болсын, жоғары шағын ауданда болсын, аспанда тұрған кішкентай шарды көремін. Жұрт айтып жүргесін мініп көруді шештім. Бұл менің туған күніме жасаған өз сыйлығым болды. Биіктіктен жалпы қорқамын, бірақ бұл жолы бәрі күшті болды. Қалықтау аппаратына тағы да қайталап мінуді ойлап жүрмін, - дейді жас мемлекеттік қызметші Салтанат Асқарәліқызы.

Жалпы мұндай әуе шары Түркиядағы Каппадокия алқабында жүздеп ұшуымен әлемге танымал болғаны рас. Мұндай фестивальдер Америка мен Еуропа елдерінде жиі өтіп тұрады. Қазақстанда әзірге мұндай мүмкіндікті бұған дейін Шымкент пен Алматы қалаларындағы жеке фирмалар ұсынады. Енді олардың қатарына туристік шаһар Ақтаудың да қосылғаны қуантады.

Олег Агиев өкілетті органнан рұқсат болған жағдайда аймақтың таулы-тасты жерлерімен әуе шарын ұшырып, туристерге қызмет көрсетуге әзір. Осыған дейін Қарақия ойпатында, Шетпе ауылының маңындағы қамалдар алқабында өткізген сынақтық қалықтаулардың сәтті өткенін айтып отыр.

Айтуынша, төрт шақырым қашықтықтан сафари-қонақ үй кешенін салу жоспарланған Бозжыра шатқалында келешек аэростат қалықтаса, осылайша өлкенің туристік әлеуетінің арта түсуіне өз үлесін қоспақшы.

Өзгелердің жаңалығы