Қарағандыдағы қанды оқиға: Күдікті Ресейге қашып кетті

8 Қаңтар 2019, 17:15
2148
Бөлісу:

Астана, baq.kz тілшісі. Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында болған төбелеске қатысы бар күдіктінің бірі Павлодар облысы арқылы Ресейге қашып кеткен. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов мәлім етті.

«Іздеу қағазы бойынша, ол Павлодар облысындағы шекара бекеті арқылы Ресей Федерациясына қашып кеткен. Біз мұны шұғыл-іздестіру шарасы барысында анықтадық. Ол шекараны 1 қаңтар күні сағат 22:00-де өткен», - деді ол.

Сонымен қатар, аталған оқиға қатысты деректерді анықтау үшін тергеушілер Ресей мен Арменияға кеткенін жеткізді.

«Біз екі шұғыл-тергеу тобын Ресей Федерациясына жібердік. Ал тағы бір топ Арменияға жіберілді. Әріптестерімізбен бірге осы күнге дейін әрекеттерімізді талқыға салып жатырмыз. Арамызда түсіністік бар. Менің ойымша, күдіктінің туыстары мен диаспора өкілдері бірігіп әрекет жасайтын шығар. Оның видеоүндеу жариялауы, оның Қазақстанға келуіне ықпал етуі мүмкін», - деді министрдің бірінші орынбасары.

Осы орайда ол адам өліміне қатысы бар күдіктінің қаншалықты жазасы бар екеніне қатысты пікірін білдірді.

«Сот санкция берді және әрбір күдіктінің рөлі видеожазба, зардап шегушілерді тергеу арқылы анықталады. Біз тергеу барысында мұны айтқан жоқпыз. Себебі, барлығын анықтап алғымыз келді. Тергеу жалғасып жатқан соң, толық ақпаратты бере алмаймыз», - деді Жанат Сүлейменов.

Айта кетейік, 2018 жылдың 31 желтоқсанынан 2019 жылдың 1 қаңтарға қараған түні шамамен таңғы 04:30-да Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасының аумағында төбелес болған. Салдарынан 23 жастағы жігіт қаза тапқан.

Осыған дейін Қарағандыда болған төбелес ұлтаралық қақтығыс негізінде туындамағанын, төбелестің неден болғанын, оған қанша азаматтың қатысқанын хабарлағанбыз.

Сондай-ақ «Древний Рим» мейрамханасында болған қанды оқиғаның толық хронологиясында жариялағанбыз.

Дәурен Ерболат

Өзгелердің жаңалығы