Қарағандыда «RoboLand-2019» фестивалі өтеді

28 Наурыз 2019, 09:12
1978
Бөлісу:
Қарағандыда «RoboLand-2019» фестивалі өтеді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда 29-30 наурыз күндері робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялардың фестивалі өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «RoboLand-2019» фестивалінде Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Италиядан келген 600-ге тарта бала қатысып, 300 жуық команда өзара жарысқа түседі.

Биылғы жылы бесінші рет шымылдығын түретін «RoboLand» халықаралық фестивалі жаңа технологиялар мен робототехникаға қызығушылығы бар балалар мен жасөспірімдерді жинайтын Қазақстандағы ең ірі алаңға айналмақ.

«Фестивальді Халықаралық спорттық және білім робототехника ассоциациясы, Kazdidaс ассоциациясы және Қарағанды облысының Білім басқармасы ұйымдастырып отыр. Шараға демеушілер мен серіктестерде қолдау білдіруде. Фестивальдің басты мақсаты – балалардың ғылыми-техникалық шығармашылығын насихаттау, инновациялық қызметтерді дамыту, білім робототехникасы саласында тәжірибелермен бөлісу, үздік робототехникалық командаларды анықтау», - дейді «RoboLand» халықаралық робототехника фестивалінің баспасөз хатшысы Валентина Елизарова.

Валентина Елизарованың айтуынша, биыл «RoboLand» өз форматын өзгертті. Мерейтойлық, бесінші фестиваль «Шығармашылық. Қуат. Жаңа мазмұн. Барлығы – беске!» деген ұранмен өтеді.

Ұйымдастырушы комитет жарыс үшін ең қызықты әрі көрікті 13 санатты таңдап алған. Командалар екі күн бойы өз шеберлігін көрсететін болады.

«V-ші «RoboLand» фестиваліне 300 жуық команда тіркелді. Бұл дегеніміз 600-ден астам адам. Қатысушылар Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан, Ресейдің Томск, Кемеров, Челябинск, Самарск облыстарынан және де Өзбекстан мен Италиядан келеді. тағы бір айта кетерлігі, биыл мектепалды жасындағы қатысушылардың саны артқан. «STEM ROBOT MOUSE» санатында 18 команда өнер көрсетеді, олардың құрамына 4-6 жас аралығындағы балалар енеді», - дейді В.Елизарова.

Жарыстардың бас төрешісі Спорттық және білім робототехникасы халықаралық ассоциациясының президенті, мәскеулік Максим Васильев.

Фестиваль аясында «Білім берудегі инновациялық әдістер -жас ұрпақ дамуының негізгі құралы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтіп, қатысушылар отандық және шетелдік жетекші мамандармен кездеседі. Сондай-ақ, фестиваль алаңында робототехникалық жаңа өнімдердің көрмесін ұйымдастыру жоспарланған. Көрермендер үшін түрлі ойын-сауық бағдарламалар, шоулар және тұсаукесерлер дайындалған. «RoboLand» халықаралық робототехника фестивалінің ұйымдастырушылары қала тұрғындары мен қонақтарын 29-30 наурыз күндері «Жастар» спорт кешеніне фестивальді тамашалауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы