Қарағанды облысында ерекше балаларға арналған орталық ашылады

26 Сәуір 2019, 15:19
2367
Бөлісу:
Қарағанды облысында ерекше балаларға арналған орталық ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында 1 маусымда Балаларды қорғау күнін атап өту барысында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалы ашылады. Қазақстандық оқушыларға арналған жыл бойғы балалар лагерін «бала арманының аралы» деп атайды.

РОСО-ның төртінші филиалы Балқаш көлінің жағалауында, бұрыңғы металлургтерге арналған санаторий-профилакторийдің аумағында орналасатын болады.

«Бурабайда 17 жыл бұрын «Балдәурен» РОСО ашылған болатын. Ол нысан жыл бойы жұмыс істейді. Орталықта көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен жетім балалар оқу бағдарламасынан қалмастан сауығып, ем алады. Бүгінгі таңда еліміз бойынша бұл орталықтың үш филиалы қызмет етеді. Енді міне төртіншісі Қарағанды облысында Балқаш жағалауында ашылғалы жатыр. Алайда бұл сауықтыру нысаны инклюзивтілігімен ерекшеленетін болады. Орталықта ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндіктер беріледі. Мұндай жоба бірінші болып Қарағанды облысында жүзеге асырылып жатыр», - деді педагог, қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Айман Түкбаева.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру оңайға тиген жоқ. Металлугтердің бұрыңғы сауықтыру орнын балалардың демалыс орталығына айналдыру үшін көп күш жұмсауға тура келді. «Қазақмыс» корпорациясы бейімді емес активін беру туралы шешім қабылдаған кезде, аталмыш нысанды пайдаға жаратудың әр түрлі нұсқалары ұсынылды.

«Мен депутат ретінде бұл мәселені көтердім, сауалдар жаздым. Нәтижесінде Корпорация нысанды балаларға сыйға тартып, мүліктік кешенді ақысыз түрде ҚР Білім және ғылым министрлігіне берді. Бұл ретте облыс әкімі Ерлан Қошановтың көрсеткен қолдауы зор болды. Біз сол үшін аймақ басшысына ризалығымызды білдіреміз», - деді Айман Түкбаева.

Қазіргі таңда нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Орталықтың филиалы 1 маусым күні есігін айқара ашады деп жоспарланып отыр. Бір ауысымда лагерь 155 бала қабылдай алады. Биылғы жылы мұнда Қарағанды және Павлодар облыстарынан 1300-ден астам бала демалады және денсаулықтарын түзейді. Алдағы уақытта мұнда бүкіл республикадан балалар келеді деп жоспарлануда.

Депутат сауықтыру орталығын ұйымдастыруда барлығы егжей-тегжейлі ойластырылғанын атап өтті. Лагерьде ерекше балаларды алып келетін ата-аналарға да тегін сауығу мүмкіндігін ұсыну қарастырылуда. Балалармен жұмыс істеу және қарым-қатынас құру үшін волонтерлер дайындалады.

Бұған қоса, әлеуметтік жобаны іске асырудың арқасында Балқашта жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік пайда болады. Орталықта 200-ге жуық педагогтар, дәрігерлер, қызмет көрсететін мамандардан құралған ұжым жұмыс істейтін болады.

Ерлан Қошанов бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығын атап өтіп, туындаған мәселелерді шешуде барынша қолдау көрсетуге уәде берді.

Өзгелердің жаңалығы