«Күй мен жырдың жәрмеңкесі»: елордада мәдени-рухани іс-шара өтті

8 Мамыр 2024, 18:30
395
Бөлісу:
«Күй мен жырдың жәрмеңкесі»: елордада мәдени-рухани іс-шара өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Алматы ауданының құрылғанына 26 жыл толуы қарсаңында VIII «Күй мен жырдың жәрмеңкесі» атты мәдени-рухани іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шара күйші Құрманғазының шәкірті, «Күй анасы» атанған Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.

Күй мен жыр өнері – қазақ халқының тарихы мен мәдениеті рухани байлығының ең киелі де қасиетті түрі. Ғасырлар бойы дамып жеткен бұл өнер бүгінде ұлттық мәдени құндылықтарымыздың бірі болып саналады. Рухани байлығымызды жастарға жеткізіп, насихаттау – республикалық «Күй анасы» қорының басым бағыттарының бірі. Қор елордада «Күйшілер» аллеясының ашылуына, Дина Нұрпейісова ескерткіші мен домбыра инсталяциясының қойылуына бастамашы болды. Д.Нұрпейісованың орындауында 24 күй QR-кодқа түсіріліп, күйші жайлы жинақ жарық көрді, - деді «Күй анасы» қорының басшысы Төлеген Қуанышев.

Күй мен жыр жәрмеңкесінде Алматы ауданының ардагерлер хоры әннен шашу шашса, Амангелді Әшіров ақсақал көпшілікке ақ батасын берді.

Жыл сайын дәстүр бойынша атасы немересіне немесе әкесі баласына халқымыздың ұлттық аспабы – домбыраны бата беріп, табыс етеді. Осы жолы медицина қызметкері, жеті баланың анасы Айнұр Бұлғынхан мен кенже баласы Мәди Бұлғынханға білім саласының үздігі, ардагер ұстаз Қажымұрат Нәсиұлы аталық тілегін айтып, домбыра сыйлады.

«Дарын» домбырашылар ансамблі және қалалық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары күй тартып, жырларды орындады.

Сондай-ақ «Жасыл ел» бағдарламасы аясында «Күйшілер» аллеясында ағаш отырғызу рәсімі өтті.

Айта кетейік, көрермендер арасында да күй тарту сайысы өтіп, жеңімпаздарға үкілі домбыра мен «Күй анасы» жинақ кітабы табыс етілді.

Өзгелердің жаңалығы