«Аңсаған сәби»: ЭКО процедурасына кімдер қатыса алады?

10 Қараша 2021, 17:26
2346
Бөлісу:
«Аңсаған сәби»: ЭКО процедурасына кімдер қатыса алады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова хабарлады. Оның айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесінде ЭКО өткізу үшін іріктеудің өзіндік алғышарттары бар.

ЭКО-ға репродуктивті жастағы пациенттер қатыса алады. Ерлер факторына байланысты бедеулік, әйелдің жатыр түтікшелері бітелген жағдайда немесе гормоналдық емдеу нәтижесіз болған кездегі эндикринологиялық бедеулікке шалдыққандарға да аталған процедураны қолдануға мүмкіндік береміз. Сондай-ақ 1 жылдан аса бала көтере алмағандағы бедеуліктің белгісіз генезі мен жамбас мүшелерінің эндометриозына байланысты бедеулікке де қолданылады, - деді Мағрипа Ембергенова.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі жаңадан шыққан №272 бұйрыққа енгізілген өзгертулерге сәйкес, квота беру мүмкіндігінің көрсеткіштері кеңейгенін атап өтті.

Мысалы, бұрын үміткерлердің жасы 42 жасқа дейін шектеулі болса, жаңа бұйрық бойынша әйел репродуктивті жаста болуы тиіс. Жоғарыда аталған көрсеткіштер бұрынғы бұйрықта болмаған. Сондықтан бұл ЭКО-ға үміткерлердің санын арттырады, - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Аңсаған сәби» бағдарламасының аясында елімізде ЭКО жасатуға бөлінетін квота саны 7000-ға дейін артатыны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы