Бас жаңалықтар
Сенат журналистерге арналған байқау ережесіне өзгеріс енгізді
08 Сәуiр 2020, 21:43 158

Сенат журналистерге арналған байқау ережесіне өзгеріс енгізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның тапсырмасы бойынша журналистерге арналған "Аманат" байқауының ережесіне өзгерістер енгізілді.

Байқауды өткізу тәртібіне маңызына байланысты тағы бір бағыт қосылды – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері коронавирус індетімен күресіп жатқан және оның залалдарын жоюға белсенді қатысатын мамандардың қызметін жария ететін болады.

Төтенше жағдай кезіндегі еліміздегі ауқымды шараларға белсене атсалысып жатқан медицина, ішкі істер органдары, арнаулы мемлекеттік органдар, әскерилер, еріктілер, азаматтар мен басқа да ұйым мамандарының біліктілігі, батылдығы мен батырлығы дәріптелген материалдар ерекше бағаланады.

Қазақстан Республикасы Сенаты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және блогерлер арасында Сенат материалдары бойынша үздік зерттеуге арналған "Аманат" және экологиялық журналистикаға арналған "Туған ел" байқауын жариялаған болатын.

"Аманат" байқауы Сенат қызметі туралы Қазақстан жұртшылығының хабардар болуын арттыруға арналған. Байқауға түсетін жұмыстарда Сенат депутаттарының заңдарға енгізген түзетулерінің маңызы мен ерекшелігі және олардың проблемалық мәселелерді шешуге, депутаттардың аймақтар мәселелерін шешуге қатысуы мен мәслихаттардың заң шығару қызметіндегі рөлін айқындауға бағытталған.

"Туған ел" байқауының қатысушылары өз материалдарында қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қалың жұртшылықтың назарын аударуы, азаматтардың экологиялық қолайлы және қауіпсіз ортада тұру құқығын қорғауға, сондай-ақ экологиялық проблемаларды жария етуге, тірі табиғаттың биоалуантүрлілігін сақтауға журналистерді тартуы тиіс.

Байқауға журналистер, республикалық және аймақтық телеарналар мен газеттердің, интернет басылымдар мен радиолардың қызметкерлері, блогерлер қатыса алады. Байқауға 1 қыркүйек пен 5 мамыр аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған авторлық ұжымдардың, жеке авторлардың материалдары қатысатын болады. Байқау өткен жылдың 1 қарашасында басталған болатын. Материалдар үстіміздегі жылдың 12 мамырына дейін қабылданады, 20 маусымда қорытындылау жоспарланып отыр.

Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болады. Байқауға қатысты толық ақпаратты Парламент Сенатының сайтынан, сонымен қатар әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттардан білуге болады.

Материалдарды Press_Senat@mail.ru электрондық поштасына жіберу қажет.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...