Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді – Тоқаев

28 Қазан 2021, 15:00
257158
Бөлісу:
Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық конференцияның ашылуында сөз сөйледі.

Баршаңызды «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Бұл алқалы жиын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне орай өткізілуде. Алтын Орданың тарихы қазіргі Қазақ мемлекеттігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректердің табылуы – осының айқын дәлелі, - деді Тоқаев.

Президент шын мәнінде, Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет ететінін айтты.

Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды. Еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылды. Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды бағдарламалар жұртымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Сан мың жылдық шежіреміздегі сабақтастық жалғасын тауып, ұлттық рухымыз биіктей түсті, - деді ол.

Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді – Тоқаев

Президенттің айтуынша, біз Алтын Орда дәуірінен жеткен құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек.

Жайық жағасындағы және Ұлытау баурайындағы көне ескерткіштер мен заманауи кешендер бұған толық мүмкіндік береді. Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік болады. Алтын Орда көптеген бауырлас елдердің тағдырында да айрықша із қалдырған. Сондықтан, халықаралық ғылыми қауымдастықтың алдында ортақ шежіремізді бірлесе зерттеу міндеті тұр. Бүгінгі басқосуда ғалымдарымыз тың деректер мен салмақты ой-пікірлерін ортаға салады деп сенемін. Конференция жұмысына табыс тілеймін, - деді Мемлекет басшысы.



Өзгелердің жаңалығы