Бас жаңалықтар
"ALTYN OIMAQ" байқауы жаңа дизайнерлердің танылуына мүмкіндік береді – жоба жетекшісі
08 Сәуiр 2019, 16:39 704

"ALTYN OIMAQ" байқауы жаңа дизайнерлердің танылуына мүмкіндік береді – жоба жетекшісі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «ALTYN OIMAQ» ұлттық киім дизайнерлер байқауында алты жеңімпаз анықталады және оның әрқайсына 1 млн теңге көлемінде жүлде беріледі. Бұл туралы жобаның жетекшісі Диана Ботаева Алматы мемлекеттік жаңа технологиялар колледжінің студенттерімен кездесу кезінде айтты.

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорымен бірлесе ұйымдастырған бұл байқау наурыздың 4 күні бастау алған.
Жиын барысында ұйымдастырушылар мен дизайнерлер студенттерге байқауға қатысу ережесін таныстырып, мағлұматтар берді.


«Жоба наурыздың 4-нен бастау алды, содан бері еліміздің бірнеше өңірінде болып, осы салада жұмыс істейтін адамдармен кездесіп, байқау туралы ақпарат бердік. Байқауға қатысушы дизайнерлер өздерінің жұмыстарын, яғни эскиз, үлгілерін қазірден жіберіп жатыр. Осы байқауға Алматы білім ордаларында оқып жатқан жас дизайнерлерді де тартқымыз келеді. Бұл байқау мамандардың жаңа буынын анықтауға және бәсекеге қабілетті жаңа брендтерді құруға мүмкіндік береді. Кәсіпқойларға өткізілген бұл байқау өз брендін ілгерілетуге және қолда бар бизнесті кең көлемде насихаттауға жол ашады», - дейді жоба жетекшісі Диана Ботаева


Байқау үш бағыт бойынша өтеді: 

1) бірінші кезең - екі бағытта жүргізіледі, олар өтінімдерді қабылдау және іріктеу: 4 наурыздан бастап 15 мамырға дейін және 10 маусымнан бастап 15 қыркүйекке дейінгі аралықта; әр кезеңнің қорытындысы бойынша комиссия конкурс лауреаттары атағына 6 үміткерді іріктейді;
2) екінші кезең - 12 үміткерді қоғамдық онлайн дауыс беруге ұсыну және оның нәтижелері бойынша 6 байқау лауреатын бекіту;
3) үшінші кезең – қазылар алқасының бас жүлдесін алу үшін алты жеңімпаздың ішінен бір жеңімпазды анықтайды.


Байқау осы жылдың желтоқсан айында лауреаттарды салтанатты түрде марапаттау рәсімімен аяқталады. 

Қатысушылар алты аталым бойынша марапатталады:

1) «Ұлттық ою-өрнек белгілері бар іскерлік киімнің үздік дизайны»; 
2) «Ұлттық ою-өрнек белгілері бар үздік спорттық киімдердің дизайны»; 
3) «Ұлттық ою-өрнек белгілері бар балалар киімінің үздік дизайны»; 
4) «Ұлттық ою-өрнек белгілері бар үйге арналған ең жақсы тоқыма дизайны»; 
5) «Ұлттық ою-өрнек белгілері бар әшекей бұйымдарының үздік дизайны»; 
6) «Үздік спорттық аяқ киім дизайны». ⠀
Бүгінгі кездесу барысында студенттер әзірлеген киім үлгілері көпшілікке таныстырылды.

Фото: автордан
Загрузка...