Алматыны қар басты
04 Қараша 2021, 09:48 304

Алматыны қар басты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 3 қарашада сағат 19.00-де Алматы қаласының солтүстік бөлігінен қар жауа бастады. 4 қараша күні сағат 08.00-дегі жағдай бойынша қалада 8 см, тау бөктеріндегі аудандарда - 10 см, таулы аудандарда - 15 см қар жауды.

Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметінше, қар жауа бастағаннан бері 185 құм шашқыштың күшімен жолдарға көктайғаққа қарсы 4200 тонна материал себілген.

Қар тазалау, тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, «қалталарды»тазалау жұмыстары әлі де жүргізілуде.

Түнгі сағат 03.30-дан бастап қар күреу колонналары ұйымдастырылды. Қар жинауға 517 бірлік арнайы техника, оның ішінде 173 құм шашқыш, 165 сыпырушы-жинау техникасы, 52 қар құрсаулаушы, 49 самосвал, 9 автогрейдер және 1400 жол жұмысшылары жұмылдырылды,-деді басқарма өкілі.

Қазір таулы және тау бөктеріндегі аудандарда қар шығару жұмыстары жүргізілуде. Қала аумағынан жаппай қар шығару таңертеңгі қарбалас шақтан кейін қолға алынған.

Оған қоса аудандық әкімдіктерде қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау жөнінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Қазгидрометтің болжамы бойынша, бүгін күндіз қар жауады. Түнде ауа температурасы минус 13 градусқа дейін төмендейді, ал күндіз 6 градусқа дейін аяз күтіледі.


Фото: автордан
Загрузка...