Алматыға жыл басынан бері 608,2 млрд теңге инвестиция тартылған

16 Қазан 2020, 16:23
1053
Бөлісу:
Алматыға жыл басынан бері 608,2 млрд теңге инвестиция тартылған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, Алматыда биылғы экономикалық дағдарысқа қарамастан 9 ай бойынша инвестиция саласында тұрақты өсу көрсеткіші байқалған. 

Жыл басынан бері 608,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Өсу деңгейі 12,5%. Оның негізін құрылыс саласы құраған - 271,6 млрд теңге. Ал өндірістік саладағы инвестиция – 86,8 млрд теңге. Денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы инвестиция 26,1 млрд теңгені құрап, 258%-ға өскен, - дейді ол. 

Биыл құрылыс саласы пандемияға қарамастан өз жұмысын тоқтатпай қарқынды түрде жұмыс істеген. Сонымен қатар өндіріс саласы 9 айда 712,3 млрд теңгенің өнімін шығарған. Өсім - 3,2%. Оның ішінде фармация мен автокөлік құрау саласы қарқынды өскен. 

Фармацияның көрсеткіші 158%-ға дейін ұлғайған. Сауда саласының көрсеткіші көктемнен бері төмендегенімен қазір қайта күш алып келеді, - дейді Еркебұлан Оразалин.

«Бизнесті дамыту» бағдарламасына биыл 7,89 млрд теңге қарастырылған болса, оның 6 млрд-қа жуығы нақты жобаларға бағытталып, өз иелерін тапқан. Сондай-ақ «Қарапайым экономика» бағдарламасы бойынша да Алматы қаласы ең жоғары орында екен. 65,2 млрд теңге тұратын 56 жоба қаржыландырылған.

Өзгелердің жаңалығы