Алматыда құрбандық шалу онлайн режимде ұйымдастырылады

27 Шілде 2020, 17:59
1463
Бөлісу:
Алматыда құрбандық шалу онлайн режимде ұйымдастырылады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқай онлайн брифинг барысында биыл қалада құрбандық шалу рәсімі өткізілмейтінін, алайда, Qurban2020.kz сайты арқылы онлайн тапсырыс беруге болатынын айтты.

Алматы қаласы бас санитарының қаулысына сай биыл коронавирус індетіне байланысты мешіттердің жанында құрбандық шалу рәсімі өткізілмейді. Мешіттерде Құрбан айт намазы оқылмайды. Карантин шарасын сақтау мақсатында барлық жамағаттан, бауырларымыздан, аға, апаларымыздан түсіністік танытып, мүмкіндігінше үйлерінде екі рәкат намаз оқып, дұғаларын, құлшылықтарын жасағандары абзал, - дейді ол. 

Сондай-ақ, ол құрбандық шалу рәсімін онлайн режимде ұйымдастырып беретіндерін жеткізді.

Құрбандық шалу рәсімін біз биыл халықтың, тұрғындардың, жамағаттың сенімінің негізінде өкілдікті мойнымызға алып, онлайн режимде шалуды ұйымдастырып береміз. Бұл Құрбандық шалу жобасы бойынша, тапсырыс берген әрбір кісінің құрбандығының шалынғаны жөнінде видео, фото есеп беріледі, - деді бас имам. 

Сонымен қатар, ол еліміздегі індет жағдайына байланысты Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының жаназа рәсімдеріне қатысты жаңа мәлімдемесі шыққанын жеткізді. 

Діни басқарма жаназаға 10 адамнан артық жиналмауға кеңес беруде. Оның барлығы халқымыздың денсаулығын сақтау мақсатында жасалып отыр. Сондай-ақ, жаназаға келген күннің өзінде барынша әлеуметтік арақашықтықты ұстана отырып өткізуге тырысайық. Егер жаназа намазына иманмен бірге үш адам қатысса, ол жамағатпен өткізілген болып есептеледі, - дейді Еркінбек Шоқай.

Өзгелердің жаңалығы