Бас жаңалықтар
Алматыда Александр Затаевичтің 150 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр
27 Наурыз 2019, 16:57 569

Алматыда Александр Затаевичтің 150 жылдығына арналған көрме өтіп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік орталық музейде музыкатанушы-этнограф, композитор, Қазақстанның халық әртісі Александр Затаевичтің 150 жылдығына арналған «Дала әуенінің ізімен» атты көрме өтіп жатыр.

Поляк халқының біртуар ұлы А.В.Затаевичті «қазақ әнінің әкесі», дәстүрлі қазақ музыкасын жазу ісінің пионері деп атайды. А.В. Затаевич қазақ халқының әндері мен аспаптық музыкалық мұрасын нотаға түсіріп, сақталып қалуына орасан еңбек сіңірген композитор.  

1920 - 1923 жылдары Затаевич аш-жалаңаш жүріп, жол қиындықтарына қарамай, қазақтың 1000 әнін жинап нотаға түсіреді. 1925 жылы Мәскеуде «Қазақ халқының 100 әні», 1933 жылы «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты этнографиялық жинақтары шықты.







Аталған көрмеге музыкант-этнографтың жеке кешенінде сақталған фотоматериалдар, мақалалар, жинақтар мен кітаптар, түсініктемелер мен дала әуендерінің ноталық жазбалары қойылған. Олардың қатарында 1925 жылы Ә.Жангелдинге берген қолтаңбасы, «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пъесалар) жинағы, фотосуреттер ерекше атап өтуге тұрарлық. 







Сонымен қатар, қызы Ольга Затаевичтің Ахмет Жұбановқа жазған хатын және 1950 жылы академик А.Қ. Жұбанов жариялаған «А.В.Затаевич – қазақ халқының ән-күйінің бірінші жинаушысы» мақаласымен де танысуға болады.



“Көрмеге музейіміздің қорындағы материалдар қойылған. Затаевичтің өмірі мен шығармашылығынан мағлұмат беретін фотосуреттер қойылған. Сонымен қатар, композитордың белгілі жазушыларға,  мәдениеттанушыларға жазған хаттары да осы көрмеден орын тапты. Көрмедегі басты құнды зат “Қырғыз халқының мың әні”  мен “Қазақтың бес жүз ән-күйі”  атты екі жинақтың түпнұсқасы болып отыр”,-дейді Қазақстан Орталық музейінің бас қор сақтаушысы Үміт Әшімова.





Көрменің салтанатты ашылуында Польша Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының жетекшісі Михал Богданович сөз сөйлеп, композитордың еңбектеріне тоқталып өтті.



“А. Затаевич Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне еңбегі сіңген көптеген көрнекті поляктардың арасында айрықша орын алады. Ол дала ақындарының әндерін ұмытпастан жазып, сақтап қалды.  Композитор 2300  астам әндер мен музыкалық шығармаларды жинап, басып шығарды”,- деді М. Богданович.



Музей мамандарының айтуынша, бұл көрнекті композиторға арналған алғашқы көрме, бұған дейін мұндай көрме өтпеген.                                                                                                                                                  

Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық