Алматы облысында коменданттық сағат уақыты өзгерді

12 Қаңтар 2022, 18:11
2927
Бөлісу:
Алматы облысында коменданттық сағат уақыты өзгерді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев халыққа үндеу жасап, бүгіннен бастап өңірдегі коменданттық сағат уақыты өзгеретінін айтты. 

Қазір облыстағы жағдай тұрақты, соған байланысты 12 қаңтардан бастап коменданттық сағаттың уақыты өзгерді. Яғни, азаматтардың жүруіне қойылған шектеу сағат 20.00-ден емес, 23.00-ден бастап таңғы 07.00-ге дейін болады. Барлық тұрғындардан жеке кәуіліктерін алып жүруді және ТЖ талаптарын қатаң сақтауларыңызды сұраймын,-деді Күдебаев. 

Сөз арасында ол радикалды топтар аймақтағы жағдайды тұрақсыз етуге тырысқанын мәлімдеді. 

Оның айтуынша, жаппай тәртіпсіздік кезінде өңірдегі дүкендер тоналып, әкімшілік ғимараттары бүлінген. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызметтік борышын атқарып жүрген полицейлер мен Ұлттық гвардияның әскери қызметкерлері қаза тапты. 

Жағдайды тұрақтандыру мақсатында Талдықорған қаласының жан-жағында төрт блок-бекет қойылды, қала ішінде 20 блок-бекет бар. Ол жерде полиция мен әскерилер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. 35 автопатруль қала тыныштығын тәулігіне үздіксіз бақылауда, оған қоса 20 жасақ патрулі күндіз күзетуде. Полицейлер 5 ірі сауда орнының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындарға алаңсыз жұмыс істеуге жағдай жасап отыр.

Сонымен қатар ол тәртіпсіздік пен дүние-мүлікті тонау қылмысына қатысы бар деген күдікпен 700-ден астам адам ұсталғанын айтты. 

Дерек бойынша 65 қылмыстық іс қозғалып, 62 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Арнайы операция барысында қылмыскерлерден 100-ге жуық атыс қаруы алынды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Сондай-ақ ол халыққа үндеу жасап, бұзақылық пен марадерлік іске қатысы бар адамдар жайлы мәлімет бар болса полицияға хабарлауды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы