Алматы облысында 700 мың тоннадан астам картоп жиналды

17 Қараша 2020, 09:56
1733
Бөлісу:
Алматы облысында 700 мың тоннадан астам картоп жиналды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылы Алматы облысында 790,1 мың тонна картоп жиналып, орташа өнімділік әр гектарына 196 центнерден айналды, егіс алқабының көлемі 40,3 мың гектарға жеткізілді.

Ал өткен жылы 757,7 мың тонна өнім жиналып, орташа шығымы 192,2 ц/га болған еді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда облыста картоп өсірумен 17 аудан, 2 қала айналысады. Соның ішінде картопқа басымдық беретін өңір – Райымбек ауданы. 2018 жылы осы ауданда 5,6 мың гектардан 111,8 мың тонна өнім жиналып, шығым әр гектарына 197,8 ц құраса, 2019 жылы 6,0 мың гектардан 125,0 мың тонна өнім алынып, өнімділік 208,4 ц/га болған, ал биыл 6,0 мың га жерден 130,0 мың тонна картоп жиналып отыр, бұл ретте орташа өнімділік гектарына 215,2 центнерге жеткен. Мұндай көрсеткішке көрсетілген мемлекеттік қолдаулардың арқасында қол жеткізілді.

Еске салсақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2018 жылы «Алматы облысының Райымбек ауданында картоп сорттарын жаңарту үшін элиталық тұқым сатып алу» жобасы аясында «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ арқылы 112,6 млн. теңгеге Голландиядан картоптың «Санте» және «Агрия» сорттарының элиталық тұқымдарының 238,9 тоннасы сатып алынып, «Өркен» шаруа қожалығының 70 га алқабына себілген болатын. Сол сияқты 3 сервистік-дайындау орталығы құрылып, оларға жалпы сомасы 430 млн. теңге болатын 214 бірлік арнайы техника сатып алынды, соның ішінде топырақ өңдейтін, себетін, жинайтын және тиейтін техникалар, тракторлар, тасымалдау техникалары бар.

Бірінші кезеңде 2018 жылы ауданда 2100 тонна І репродукциялы тұқымдық картоп жиналған. 2019 жылы егістік көлемі 607 гектарға жеткізіліп, оның 17 гектарына Голландиядан «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ арқылы екінші мәрте 23 млн. теңгеге сатып алынған элиталық тұқым себілді және 2018 жылы алынған өнімнің 1-ші репродукциялы тұқымынан 590 га себілді. Олардан 16 740 тонна картоп алынды. Ал биылғы жылы 6,0 тыс. га жерден 130,0 мың тонна өнім жиналды, орташа шығымдылығы 215,2 ц/га жетті, - делінген хабарламада.

Жалпы биылғы жылы Алматы облысында картоптың жалпы жиыны 790 мың тоннадан асып, орташа өнімділік әр гектарына 196 центнерден айналды, ал егістік көлемі 40,3 мың га құрады. Мұндай нәтижеге жетуге картоптың жоғары өнімділікті сорттарын қолдану мен заманауи техникаларды пайдалану зор ықпал етті. Картоп шаруашылығын дамыту мен картопты өндірістік деңгейде өсіру ісі облыста одан әрі жалғасып жатыр.



Өзгелердің жаңалығы