Бас жаңалықтар
Әлия Молдағұлованың еш жерде жарияланбаған фотосы табылды
16 Мамыр 2021, 14:05 3072

Әлия Молдағұлованың еш жерде жарияланбаған фотосы табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 17 жастағы фотосы жеке альбомнан табылды, деп хабарлады inform.kz. 

Фотоның 90 жылға жуық тарихы бар. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі Қобда бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлбаршын Ерғалиева айтып, арнайы мақаласын берді.

Қобда жері әйгілі ұлы дала дарабоздарымен тарихта қалған өңірлердің бірі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жерлестеріміз сол батыр бабалардың ізін жалғап, ерліктің, елжандылықтың үлгісін көрсетті. Оған деректі жазбалар дәлел. Жерлестеріміз Иманғали Білтабанов, Абдолла Жанзаков, Михаил Колесников, Михаил Прохоров, Иван Пятковский, Николай Терещенко, Михаил Кошелев және бүгінде ерлігі аңызға айналған, отан үшін от кешіп, жанын пида еткен батыр қызымыз Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова өшпес атын тарихқа жазып кетті. Кеңес Одағының Батыры атанған жерлесіміз Әлия Молдағұлованың ерлігі киелі өңіріміздің шоқтығын биіктетті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Әлия Молдағұлованы ұлықтау жаңа қырынан көріне бастады, - деді ол.

Республикамыздың әр түкпірінде ескерткіштер салынып, саябақтар, скверлер, аллеялар, демалыс орындары пайдалануға берілді. 

Рухани қазынамыз толықты. Әлия туралы жазылып, жарыққа шыққан мақала мен кітапты, деректі фильмді зерделесек, батырдың қысқа ғұмырының қамтылмаған қалтарысы жоқ сияқты. Дегенмен де «Ел іші – сыр кеніші». Биыл Алматы қаласынан Қобда ауданына Мамбетов Батыр Нәрібайұлы келді. Қобда музейінің қызметкері болып жұмыс істейтінімді білген Батыр Нәрібайұлы «Гүлбаршын, сіз білесіз бе? Анамның жеке мұрағатында Кеңес Одағының батыр қызы жерлесіміз Әлия Молдағұлованың бұрын еш жерде жарияланбаған, басылмаған фотосуреті бар» деп жаңа деректін бетін ашты. Батыр Нәрібайұлының Қарағанды облысында тұратын қарындасы Әлияда анасынан қалған жеке мұрағаты, аманаттары сақтаулы екенін айтты, - деп жазды Гүлбаршын Ерғалиева.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...