Бас жаңалықтар
Алаяқтан абай бол. Фишинг жайлы не білеміз?
15 Шілде 2020, 10:19 144

Алаяқтан абай бол. Фишинг жайлы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алаяқтар карантин кезеңінде жанданды. Олар пайдаланушыларға танымал банктер мен ірі компаниялар атынан түрлі акциялар, бірегей қаржылық қызметтер, жүлделер ұтысы және тағы басқа  туралы ақпараты бар электрондық хаттарды белсенді түрде жібере бастады, деп хабарлады қаржы нарығын реттеу және және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі. 

Киберқылмыскерлер сондай-ақ пайдаланушыларға қайырымдылық жасауды және коронавирустан зардап шеккендер үшін ақша аударымын жасауды ұсынады.Осы электрондық хабарламаларда, әдетте, олар бойынша дербес деректерді енгізу немесе банк операцияларын жасау қажет түрлі сілтемелер көрсетілген. Қаскөйлердің арбауына түсіп қалмаңыз – бұл фишинг.

 Фишинг деген не және қаржы алаяқтарының желісіне қалай түспеу керек? Бұл туралы fingramota.kz еске салады. 

Фишинг – бұл интернет-алаяқтықтың түрі, қаскөйлер  пайдаланушылардың конфиденциалды деректерін "сұрайды". Бұл үшін алаяқтар фишингтік сайттар, e-mail таратылымдар, қалқымалы терезелер, таргеттелген жарнама сияқты құралдарды пайдаланады. Пайдаланушылар сілтемелер бойынша өтіп, зиянды салымдарды ашады, ал қаскөйлер олардан жеке төлем деректерін алдап алады, - делінген хабарламада. 

Интернет-алаяқтар шотыңызды санаулы секундта босатуы мүмкін, әсіресе фишингтік сайтқа кірсеңіз, қалтаңыздың қағылары сөзсіз. Бұл қаскөйлер төлем карталарының деректемелерін алу мақсатында танымал интернет-дүкеннің, банк сайтының немесе әлеуметтік желінің клонын жасаған кездегі қаржылық алаяқтықтың бір түрі. Сонымен қатар оған сілтемелерді қолда бар пошта мекенжайлары базасы арқылы таратады, оның ішінде сіздің мекенжайыңыздың болуы әбден мүмкін.

Алаяқтар алаяқтық боттарды жасай отырып, пайдаланушылармен хат-хабар алмаса отырып және олардың сеніміне кіре отырып, Facebook, Instagram, Telegram-ды қоса алғанда, әлеуметтік желілерде барынша белсенділік танытуда.

Алаяқтар бір мақсатта – пайдаланушының дербес деректерін алып тастау үшін түрлі қулыққа барады. Бұл дегеніңіз – ЖСН, төлем картасының немесе шоттың деректері, SMS-хабарламадан код және тіпті ЭЦҚ коды.

Өзіңіздің дербес деректеріңізді, оның ішінде ЭЦҚ-ні бере отырып, картаңыздағы немесе шотыңыздағы барлық қаражаттың қолма-қол ақшаға айналу тәуекелі бар екенін естен шығармаңыз, сіздің атыңызға күмәнді мәмілелер ресімделуі, мәселен, пәтеріңіз қайта ресімделуі немесе сіздің тұрғын алаңызға бөтен адамдар тіркелуі мүмкін. 

Сондай-ақ, күмәнді интернет-ресурстарда тіркелуге және осылайша  белгісіз адамдарға өзіңіздің дербес деректеріңізді беруге болмайды. 

Не істеу керек? Кибергигиенаны сақтаңыз. 

1. Төлемдерді растау үшін қолданылатын парольдерді, кодтар немесе өзге де конфиденциалды деректерді ешқашан ешкімге айтпаңыз. Заманауи қауіпсіздік жүйелерін жасау кезінде парольдер мен кодтардың басқа адамдарға берілмеуі қарастырылған. 

2. URL-мекенжайларын тексеріңіз. Әсіресе, бейтаныс жөнелтушілерден алынған сілтемелерді тексеріңіз. Көп жағдайларда қаскүнемдер  жазылуы ұқсас домендерді қолданады. 

3. Конфиденциалды ақпаратты, мысалы пароль енгізу қажет сайттарда HTTPS:// префиксінің болуын тексеріңіз. 

4. Заманауи браузерлердің басым бөлігінде жаппай фишинг-шабуылдарға қарсы кіріктірілген механизмдер болады. Браузердің қауіп-қатерлер туралы хабарларына назар аударып отыру қажет.  

5. Егер ұйымның сайты немесе парағы сізде жалған сайт (фейк)  деген күдік туғызатын болса, сол ұйыммен байланысып, әсіресе интернет-банкинг жүйесінде төлем жасағыңыз келсе, ақпаратты нақтылап алыңыз. Ең дұрысы, банкке телефон соғып, ақпаратты тексеру қажет. Және де, есіңізде болсын, банк менеджерлері клиентке бірінші болып хабарласпайды, сондықтан, егер сіздің шотыңыздағы түсініксіз   транзакцияларды бұғаттау үшін сізге телефон соғып, SMS-пен келген кодты сұраса, сөйлесуді доғарып, менеджерге хабарласыңыз. 

6. Егер сіз күдікті сайтта тіркелген болсаңыз, онда өзіңіздің дербес деректеріңізді қорғау үшін электрондық поштаңызды ауыстырған дұрыс. 

Осы қарапайым, алайда тиімді қағидаларды сақтау ақшаңызды қаскүнемдерден сақтап қалуға мүмкіндік береді.


Фото: дереккөз
Загрузка...