Ақсу қаласындағы оңалту орталығы қайта іске қосылды

14 Қазан 2020, 18:18
1639
Бөлісу:
Ақсу қаласындағы оңалту орталығы қайта іске қосылды
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде пандемия салдарынан жұмысы бес айға тоқтатылған оңалту орталығы қайта іске қосылды.

Ақсу қаласында бүгінгі таңда 200-ден астам бала үздіксіз оңалтуға зәру. Ал облыс бойынша тірек-қимыл аппараты бұзылған 640 ұл-қыз бар.

Шағын қаладағы оңалту орталығы өткен жылы ашылды. Заман талаптарына жауап беретін медициналық мекеме мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерді. Жобаны жүзеге асыруға 5 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Мамандардың айтуынша, орталық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Бүгінде кадр тапшылығы жоқ.

Жұмысымызға қайта кірісіп жатырмыз. Әрине, пандемия жұмысымызға кері әсерін тигізді. Балаларымыз үйде отырып қалды. Кейбіреулері оңалту шараларын үй жағдайында алып жатты. Дегенмен, орталықтың аты орталық. Мұнда білікті мамандар бар. Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі ұлдарымыз қайта бейімделіп жатыр, - дейді оңалту орталығының невролог-дәрігері Альмира Ғабдуллина.

Айта кетейік, бұл орталықта әр балаға арналған сауықтыру терапиясы әзірленген. Қызметтердің барлығы тегін көрсетіледі. Жуырда иппотерапия, яғни, жылқымен емдеу әдісі енгізілді. Бұл әдіс балалардың денсаулығына оң әсерін тигізуде. Мекеме сал аруына шалдыққан және тірек-қимылы зақымданған 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды.


Өзгелердің жаңалығы