Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының Целиноград ауданында газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан ер адам көз жұмды. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдай бүгін сағат 11:53 Қызылсуат ауылында болды. Анықталғандай, жеке тұрғын үй аумағындағы автономды газбен жылыту орнатылған жерде газгольдердің құдығын ашу кезінде газды-ауа қоспасы жарылған. Салдарынан үй иесі - 1948 жылы туған ер адам сол жерде көз жұмды. Өрт болған жоқ.
Қазіргі кезде жарылыстың шығу себептері анықталуда. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға орнында ТЖД, полиция және жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеуде,- делінген хабарламада.
Осы ретте, Ақмола облысы ТЖ департаментінің қызметкерлері облыс тұрғындарынан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.