Ахметбеков өткен сайлаудағы технологияларды пайдаланбайтынын айтты

6 Мамыр 2019, 12:15
2197
Бөлісу:
Ахметбеков өткен сайлаудағы технологияларды пайдаланбайтынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясында ресми түрде президенттікке кандидат ретінде тіркелген Жамбыл Ахметбеков қол жинау процесі қалай жүргенін баяндап берді. 

Кандидат республикада 177 ауданда партияның 6 мың комитеті барын айтып,  әр сайлау учаскесінде 3 сенімді өкілден болғандықтан, 15 мыңдай адам қол жинауға атсалысқанын атап өтті. 

"Партияның қалыптасқан жүйесі бар. Қысқа уақыт ішінде 138 мыңға тарта қол жинадық. ОСК құжаттардың бәрін тексеріп біткен соң заңға сәйкес президент сайлауына үміткер ретінде тіркеді. Үгіт насихат науқаны 11 мамырда басталады. Партия бекіткен саяси бағдаралмаға сай жұмыстарды жоспарды түрде атқарамыз. Алдағы уақытта жеңіске жетеміз деген сенімдеміз", - деп мәлімдеді Ахметбеков. 

Ол расталмаған қолдар туралы пікір білдірді.  

"Қол жинау процесіне өзім араласпадым.  Сенімді өкілдерімнің айтуынша, адамдардың үйіне барған кезде кейбір құжаттардың ЖСН нөмірлерін шатастырып, кейбірінің мерзімі өткен, солай дұрыс толтырмай қате жіберіп, сәйкес келмей қалғандықтан ОСК құзыретті органдар тексеріп, тіркеді. Заңды деп қабылдаймыз, мұндай орын алуы мүмкін", - деп айтты кандидат. 

Президент сайлауына екінші рет қатысқалы отырған ол биылғы науқанда әлеуметтік салаға баса назар аударатынын айтты. 

"2011 жылы сайлауға араластым. Жұртқа танылу үшін кейбір технологияларды қолданып, каратэмен, шығыс жекпе-жегімен айналысатынымды, музыкаға, өнерге жақын екенімді, ауылдан шыққанымды бәрін көрсетіп үлгердім. Енді жаңа науқанда бұның бәрі қажет деп санамаймын. Мұны БАҚ қажет деп санайтын болса өткен сайлау кезіндегі сайттарынан алып, фрагмент ретінде қолдануға болады. Ал қазір саяси талас басқа түрде, яғни әлеуметтік мәселеге, халықтың әл-ауқатын жоғарылату мәселесіне көп көңіл аударылатын болғандықтан алдыңғы мәселені қолданбаймыз", - деп мәлімдеді Ахметбеков.

Өзгелердің жаңалығы