Қазақстанда АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған дәрі тапшы

12 Сәуір 2019, 21:08
2125
Бөлісу:
Қазақстанда АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған дәрі тапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. GlaxoSmithKline Қазақстанға халықаралық ұйымдар арқылы Долутегравир препаратының  аналогын қазіргіден 25 есе арзан бағамен  сатып алуға  рұқсат ететін лицензияны  беруден бас тартты. Бұл туралы ҚР ДСМ Баспасөз қызметі хабарлады.

"Долутегравирдің бір  орамасының  құнын 25 есеге дейін арзандатып, генерикалық препаратты 4,5 доллардан сатып алу  туралы келісім  БҰҰ ДБ халықаралық ұйымы мен СК-Фармация компаниясы арасындағы   ынтымақтастық аясында қол жеткізілген еді. Егер баға  төмендегенде ВИЧ инфекциясын жұқтырған науқастарды  заманауи антиретровирустық терапиямен толық  қамтуға мүмкіндік туар еді. Алайда, патент иесі GlaxoSmithKline компаниясының  өкілдерінің айтуынша, мұндай арзан Долутегравирті  тек  халқының табысы төмен немесе әлеуеттік, экономикалық  жағдайы өте нашар мемлекеттер ғана  сатып ала алады. Ал Қазақстанның кірісі орташадан жоғары болғандықтан, мұндай лицензия біздің елімізге берілмейді екен. Мәселен, жеңілдігі бар лицензияны  Украина, Тәжікстан мен Өзбекстан алған" - делінген баспасөз хабарламасында. 

Ал мемлекет бөлген қаржы  еліміздегі ВИЧ инфекциясын жұқтырған науқастың барлығын бірдей  препаратпен қамтуға жетпейді. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені шешу үшін СК-Фармация компаниясында  Долутегравирді өндіретін GlaxoSmithKline өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізген болатын. 

ҚР ДСМ Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың айтуынша,  Денсаулық сақтау министрлігі аталған препараттардың бағасын түсіру   арқылы пациенттерді  аса қажетті  антиретровирустық препаратпен  толық  қамтуды жоспарлаған.   

Алайда, ViiV Healthcare Ресей, ТМД, Таяу Шығыс пен Африка аймақтары бойынша коммерциялық директоры Джеймс Бринглон Долутегравирдің  Қазақстанға арналған  қазіргі  құны   онсыз да барынша төмендетілген деп отыр. 

Дегенмен, мемлекеттік органдармен жұмыс істеу саясаты және ViiV Healthcare препараттарының қол жетімділігі жөніндегі директоры Анджели Рэдклиффтің айтуынша, GlaxoSmithKline компаниясының  негізгі міндеті - АИТВ бар пациенттерге сапалы, заманауи ем  көрсету.  Осы мақсатта  компания ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастықты пысықтауда. Алайда, бұл жоспар келесі жылға қалып отыр. 

Пациенттер  ұйымның өкілі, «Answer» қоғамдық қоры филиалының директоры Елена Растокинаның айтуынша, бүгінде Қазақстанда АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған Долутегравирге тапшы. 

"Қорда  үш аптаға ғана жететін препарат бар. АИТВ-мен өмір сүретін пациенттерді емдеу сызбасын өзгерту қажет болуы мүмкін. Бұл мәселе  шұғыл шешуді талап етеді.  Алматының өзінде қазір 700 пациент дәрі-дәрмексіз қалды", - деді Елена Растокина. 

Ал «AGEP ' C» қоғамдық қорының жетекшісі Сергей Бирюков дәрі-дәрмек бағасына қаншама адамның өмірі тікелей байланысты екенін еске салды.   

Кездесу қорытындысы бойынша, Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова Денсаулық сақтау министрлігі  препаратты арзан бағамен сатып алуға рұқсат етітін  лицензияға   сот арқылы  қол жеткізуге тырысатынын хабарлады.  Ал ViiV Healthcare компаниясы хат арқылы лицензияны Қазақстанға беруге тиым салу ниетінен таймайтынын, сондай-ақ, препараттың бағасы қазіргідей қалатынын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы