Бас жаңалықтар
Адам өмірінен гөрі "лайк" маңызды!
04 Сәуiр 2019, 18:22 694

Адам өмірінен гөрі "лайк" маңызды!

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбелік құтқарушылар бүгінгінің батырын марапаттады. Жеке тұрғын үйден шыққан өртті көріп, шұғыл көмекке ұмтылған Азат Балғазинге төсбелгі тақты. Ол жанған үйден 7 адамның аман шығуына көмектескен.

Ақтөбелік Азат Балғазин үшін қайғылы жағдайдың алдын алу маңызды болған. Өз ісін ерлікке баламайды. Себебі, өз басынан да мұндай жағдай өткен. Осыдан 10-15 жыл бұрын отбасы шырт ұйқыда жатқанда үйінен өрт шығып, көршілері көмектескен. Азат Балғазинді бүгін құтқарушылар марапаттады. Ерлігі үшін төсбелгі тақты.

«Көлігіммен Краснощеков көшесінен өтіп бара жатқанмын. Көлігімде Алмас, Нұрланесімді тағы екі адам болды. Бір уақытта №63 а үйден өрт шығып жатқанын көріп, тоқтадым. Жылдам қақпаны ашып, үйдің терезелерін қаға бастадық. Үй иелерін ояту еді мақсатымыз. Кейін қасымдағы екі досым үйді айналып кетті. Терезелерді сындырып, ішке ендік. Аналары балалар үйде деп айқайлады. Балалар 2-қабатта ұйықтап жатыр екен. Сол мезетте үйдің жоғарғы қабатының терезесін ашып, екі бала төменге секірді. Оларды бір досым қағып алып, көмек көрсетті. Бірі аяғын жаралап алған. Енді бірі сол жерде есінен танып қалды. Үй алдында тұрған көліктің де терезесін сындырдық. Оған да өрт тию қауіпі болған еді»-деді қала тұрғыны Азат Балғазин.

Өрт оқиғасы кеше таңғы сағат 4:45-те болған. Жеке тұрғын үйден шыққан қызыл жалын өршіп, кейін үй алдындағы көлікке тиген. Екеуі де түгел жанып кетті. Өрт негізінен ас бөлмесінен шыққан. Екі бала секірмес бұрын есікті ашқанда өршіп кетті. Желдің күші де қатты болған.

Өрт оқиғасы Такси жүргізушісі қасындағы жолаушыларымен бірге үйдің қақпасына жақындағанда бірден өрт сөндірушілерді шақырған. Өрт шыққан уақытта үйде 7 адам болыпты. Қызыл жалынды сөндіруге 25 адам мен 6 техника жұмылдырылған. Шақырту түскеннен кейін алғашқы 2 экипаж жетіп, қосымша күш шақыртқан. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Иіске тұншыққан 16 жастағы жасөспірім ауруханаға жеткізілген. Қазір жансақтау бөлімінде.

«Бұл жігіттің ісін ерлікке балаймын. Такси жүргізушісінің ерлігі көпке үлгі. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгінің батырларын елге таныстырып отыруды тапсырған еді. Азаматымызды дереу құттықтауға жиналып отырмыз»,-деді Ақтөбе облыстық ТЖД ардагерлер кеңесінің төрағасы Бегендік Айтқұлов.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасымның сөзінше, әлеуметтік желіге тарату үшін бейнежазба түсіруге құштар тұрғындар да бар. Көмектесіп, қолдау білдіруге санаулы жан ғана барады. Оған себеп те жоқ емес. Өрт сөндірушілер бірнеше рет эксперимент жасаған.

«Қаламызда нағыз ер азаматтардың өмір сүріп жатқаны қуантады. Өзгенің қайғысына көз жұма қарамайтындар санаулы. Қазір телефондарын алып, әлеуметтік желіге жариялау үшін өрт оқиғаларын видеоға түсіріп тұратындар көп. Оған дәлел де келтіре аламын. Осыдан бір күн бұрын Ақтөбедегі жанармай құю бекеттерінің бірінде автокөлік жана бастайды. Оны көрген бір адам көмек шақырудың орнына телефонын алып, түсіре бастайды. Яғни, мақсаты өрт сөндірушілердің оқиға орнына қанша уақытта жететінін санау. Қала шетіндегі жанар май бекеті болғандықтан өрт сөндірушілер оқиға орнына шақырту түскеннен кейін 22 минутта жетті. Ал, жеңіл көлік түрлі жағдайға байланысты 5-10 минутта жанып болады. Өрт сөндіру қызметі жеткенше жаңағы жігіт бейнежазбаға түсіріп тұрған. Кейін бейнежазбадан көргенімізде жанармай бекетінде өрт сөндіру құралдарының бірнешеуі тұрғанын аңғардық. Бұған дейін қалада бірнеше эксперимент жасаған едік. Онда да қала тұрғындарының санаулысы ғана көмектесуге ұмтылды»,-деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым.


Фото: автордан
Загрузка...