Бас жаңалықтар
Әбенов: Ұлттық парктерге жауапкершілігі жоғары инвесторлар керек
11 Шілде 2020, 14:12 197

Әбенов: Ұлттық парктерге жауапкершілігі жоғары инвесторлар керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қоғам белсендісінің сөзінше, экологиялық мәселелердің қордаланып қалуына тағы бір себеп - ұлттық парктерді шаруашылық тұрғыдан дұрыс басқару және жөнге келтіру тетігінің болмауы.

Көптеген аумақтың күтімсіз, жөндеусіз тұруының бір себебі - қожайындарының жоқтығы. Бұл, әсіресе, демалыс орындары, табиғи аймақтарға қатысты. Жақында біз Алматы іргесіндегі Іле-Алатауы ұлттық паркінде болдық. Ол жер қазір қоқысқа толып жатыр. Санаулы ғана қорықшы ол жерді қоқыстан тазартып үлгермейді. Егер де осындай жерлерді жауаптылығы жоғары инвесторларға басқаруға беретін болсақ, менің ойымша, елдегі барлық табиғи аумақтардағы қоқыс мәселесін оңай шешуге болар еді. Сондай-ақ, экологиялық мәдениетті арттыру да үлкен маңызға ие. Қазір дәл осы экологиялық мәдениетіміздің төмендігінен біз қоқыстарды қалай болса, солай шаша саламыз. Жасыл технологияларды толықтай енгізбей отырмыз. Заманауи демалыс орындарын ашуға қарсы шығып отырмыз. Ұлттық парктерге қажетті инфрақұрылымдарды салдыруға кедергі болып отырмыз. Кей адамдар ұлттық паркке тиіспесеңдер, ол жерде бәрі жақсы болады деп ойлайды. Бірақ, шын мәнінде, бұл олай емес, - дейді Мұрат Әбенов.

Ол соңғы жылдары Экология министрлігі жүйелі түрде айналысып жүрген осы мәселелерді Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент өз аузымен айтып, тапсырмалар бергеніне қуанып қалғанын айтты.

Бұған дейін бұл мәселелер коммуналдық шаруашылық мекемелерінің деңгейінде ғана атқарылып келген. Салада жүйе жоқ болатын. Қалалардың маңында заңсыз ірі қоқыс орындары көп. Медициналық қалдықтар да шашылып жатыр. Осы орайда біз қоқысты жинаушыларды ғана емес, оны өңдеушілерді де ынталандыра білуіміз керек. Бұл шараларды заңмен бекіту қажет. Депозиттік жүйе, қоқыс өртеуші зауыттар, қалдықтарды қайта өңдеушілерді қаржыландыру мәселелерін де естен шығармайық. Тек сол кезде ғана қоқыстың мәселесі тиімді шешіледі. Сондай-ақ, заңсыз қоқыс тасымалдаушыларға қатысты жауапкершілікті күшейту керек. Қоқыс тасымалдаушыларға электронды бақылау құрылғыларын орнату қажет. Өйткені, әрбір көлікті полицейлерге бақылатып қою мүмкін емес, - дейді ол.

Сондай-ақ, Президент мектеп қабырғасынан бастап балаларға экологиялық білім берудің маңыздылығын атап өтті. 

Бұл - өте орынды. Өйткені, экологиялық мәдениетті жастайынан қалыптастырмаса, есейгенде кеш болады. Қазір Экология министрлігі "Өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі операторларымен" бірлесіп, мектептерде экологиялық сағаттар өткізеді. Қоқысты қалай жинау керек екендігін көрсетеді. Мұны көрген балалар мәселенің маңыздылығына көңіл бөліп, ата-аналарына айта бастаған. Кейін олар да бұл мәселеге жауапкершілік танытуды әдетке айналдырды, - дейді саясаттанушы.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...