Әбдіқалықова екпе жүргізу процесін күшейтуді тапсырды

13 Қазан 2021, 10:54
2331
Бөлісу:
Әбдіқалықова екпе жүргізу процесін күшейтуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау мен облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшыларымен кездесіп, атқарылған жұмыстарды саралады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Ғалия Байменова 9 айда атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталып, өңірдегі ахуалды баяндады.

Жыл басынан бері департамент медициналық қызмет пен фармацевтикалық нысандарға жоспардан тыс 131, жоспар бойынша 28 тексеріс ұйымдастырған. Нәтижесінде түрлі дәрежедегі 56 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жалпы көлемі 3,5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Департаментке келіп түскен шағымдардың басым бөлігі медициналық қызметке, емханалардың жұмысына байланысты туындаған.

Мекеме басшысының айтуынша, бүгінде дәрі-дәрмек қорында тапшылық жоқ. «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік қоймасында ковидке қарсы 3,69 миллион теңгенің дәрі қоры сақталған. 

Өңір басшысы шалғай елді мекендегі дәріханаларда препараттардың қорын тексеріп, қажеттілікке қарай анализ жүргізу қажеттігін еске салды.

Көрші Ресейде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты бізге де нақты іс-шаралар жоспарын бекіту қажет. Әсіресе, шалғай ауылдар мен аудандарда дәрі тапшылығының орын алмауын қамтамасыз ету керек. Тұрғындардың шағымдарын ескеріп, департаментке түскен өтініштер бойынша тексеру, бақылау жұмыстарын әлде де күшейтуді тапсырамын, - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, облыс әкімдігінің қолдауымен фармацевтикалық ұйымдарды қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз ету үшін 488 миллион теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда аймақтағы 17 мекеме бір жылға 1 пайыз мөлшерлемемен несие берілді.     

Мұнан кейін аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыс бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергеновамен кездесті. Жиында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал сөз болды.

Жыл басынан бері жауапты департаментпен жоспардан тыс 815 тексеру жүргізіліп, 323 заң бұзушылық анықталып, қорытындысымен жалпы сомасы 37 180 457 теңгені құрайтын  айыппұл салынды. Мекеме білім беру ұйымдарына да тексеріс жұмыстарын жүргізген.

Кездесуде облыс әкіміне коронавируспен күрес амалдары, вакцинациялау қарқыны және тұмау мен туберкулезге қарсы екпе жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Аймақ басшысы өңірді коронавирус және басқа да инфекциялық аукруларға қарсы дәрі-дәрмек қорымен толық қамтамасыз етуді, халық арасында COVID-19 індетіне қарсы екпе туралы түсіндірме жұмыстарын жандандыруды міндеттеді. Мұнан бөлек, балалар арасында туберкулез ауруына қарсы вакцина салдыру мәселесі (БЦЖ) туралы ата-аналар арасында ақпараттық жұмыстарды күшейту қажеттігін еске салды.


Өзгелердің жаңалығы