Бас жаңалықтар
«Абай Құнанбайұлы. Ғақлия кітабы» жарық көрді
15 Қазан 2020, 14:50 1336

«Абай Құнанбайұлы. Ғақлия кітабы» жарық көрді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығында «Абай шығармаларының түркі әлемінде зерттелуі мен насихатталуы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Конференцияға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев, Тоқат мемлекеттік Ғазы Османпаша университетінің ректоры, профессор Бунямин Шахин, Түркия мемлекеттік Tүрік тілі қоғамының президенті, профессор Гүрер Гүлсевин және Халықаралық TURKSOY ұйымындағы бас хатшы орынбасары Біләл Чакыжы және түркітанушы, белгілі тілтанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы қатысты.

Халықаралық онлайн жиынға қатысқан Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан Түркия  елінің ғалымдары Абайдың тіліне, аудармасына қатысты ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар «Абай Құнанбайұлы. Ғақлия кітабы» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Кітапта 1907 жылы Мүрсейіт Бікеұлы хатқа түсірген Абай қара сөздерінің қолжазбасы, транскрипциясы және грамматикалық индексі берілген. Еңбекте бұдан бөлек XX ғасыр басындағы қолжазбалардың тілдік ерекшеліктеріне сипаттама жасалып, Абай қара сөздерінің тілі талданған. Бұл жұмыс қазіргі қазақ тіліне сәйкес бірнеше рет өңделіп өзгертілген қара сөздердің түпнұсқасымен бірге ұсынылып, жаңаша оқылуы және грамматикалық индексінің берілуімен ерекшеленеді. Кітап авторы түркиялық ғалым, PhD доктор Ержан Петек. Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының бас ғылыми қызметкерлері ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы мен PhD доктор Марлен Әділов түрік тілінен аударып, ғылыми редакциясын жасаған.


Мен 4 жылдай «екі дүние есігі, ер түріктің бесігі болған» Түркістан қаласында жұмыс жасап, қазақ тілі мен әдебиетімен, жыраулар поэзиясымен жақсы таныстым. Сол кездерде біраз зерттеулер жасадым. Биылғы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығында да үнсіз қалғым келмеді. Сондықтан осындай еңбекті жазуды қолға алдым. Бұл еңбегім түрік тілінде жазылғанымен, Түркияда шығарылған жоқ, ең бірінші қазақ тіліне аударылып, басылып шығып жатыр, – дейді түркиялық ғалым, PhD доктор Ержан Петек.
Кітапқа алғы сөз жазып, ғылыми редакциясын жасаған профессор Шерубай Құрманбайұлы да жаңа жинақ туралы пікірін білдірді.
Абай шығармалары талданатын ғылыми еңбектерде ақынның стильдік ерекшеліктерін дұрыс көрсету үшін орфографиялық ерекшеліктерді мүмкіндігінше сол қалпында берген жөн. Бірақ Абай шығармаларының жинақтары мен зерттеулердің басым көпшілігі Мүрсейіт дәптерлеріндегі нұсқадан әлдеқайда өзгертіліп, қазіргі тіл нормасына сәйкестендіріліп шығарылды. Ал бұл еңбек қара сөздердің қолжазбадағы нұсқасындағыдай өзгертілмей берілгенімен ерекшеленеді. Мұнда қолжазбадағы қазіргі қазақ тіліне тән емес шағатайша формалар жазылғаны бойынша өзгертілмей беріледі. Мысалы: қaйғұ+ғa, қaйсұ+сы, келүс+песе, кетүр+ер, ѳтрiк+дi, ѳтрүк, aдaмчылық+дұң, aдaмдық+дың, aқыл+дұң, aмaлчылық+дұң, берген+нүң, т.б. Сондықтан бұл еңбек Абайдың тілін тікелей қолжазбадан зерттеймін деген мамандарға құнды тарту екендігі сөзсіз, – дейді Шерубай Құрманбайұлы.


Фото: дереккөз
Загрузка...