Абай-175: Словакияда "Абай оқулары" өтті

31 Қаңтар 2020, 10:19
2764
Бөлісу:
Абай-175: Словакияда "Абай оқулары" өтті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай бүгін Словакия еліндегі Я.А. Коменский атындағы университетте "Абай оқулары" іс-шарасы және зиялы қауым өкілдермен кездесу болды. 

Айтулы жиын Қазақстан Республикасының Братислава қаласындағы Елшіліктің қолдауымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қатысты ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы делегациясының қатысуымен өтті.

Абай – қазақ халқы үшін аспандағы темірқазық сияқты. Оның өлеңдері мен философиялық ойлары ұлттың идеологиясына айналды. Абай поэзиясы – әлемдік поэзия. Абай – қайталанбас тұлға, тума талант. Абай өзінің 36-қара сөзінде ұят туралы айтып келіп: "Ұят кімде болса - иман сонда" деген... Демек, ол өз еңбектерінде ар мен ұят категорияларын қамшының өріміндей қатар қарастырған. Оның "Пайда ойлама, ар ойла" деуінің астарында терең мән жатыр. Мұнда қазақтың: "жарлы болма, арлы бол" дейтін тұжырымымен де үндестік бар – деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

014.jpeg

Келесі сөз кезегін алған белгілі алаштанушы, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай қазақ халқын құрметтегісі келген жан Абайды да құрмет тұтуы керектігін айтты.

Бізге, Абайға көрсеткен құрметтеріңізді – барлық қазақ халқына көрсеткен құрмет деп білеміз.  Біздің мемлекет ұлттық идеология негізінде Абай гуманизмін қолдады. Бір ұлттың жүрегін махаббатпен жаулап алу үшін, Абайдың бір ғана өлеңі жетеді. Сол махаббат барлық адамзатқа қызмет етсін. Бақытқа жеткізсін – деді ол.

011.jpeg

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов да бүгінгі іс-шарада өз ойын білдірді.

Абай елінен барлық қатысушыларға жалынды сәлем бердім. Баршаңызға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан мен Словакия елдерінің тағдыры ұқсас деуге әбден болады. Себебі, тәуелсіздікті сіздер де тоқсаныншы жылдардың басында алдыңыздар. Бұрындары, біз бір-бірімізді карта арқылы ғана білетінбіз. Қазір Тәуелсіздіктің және Елшіліктердің арқасында жақын танысып жатырмыз. Сондықтан да, Абай әндері, поэзиясы, прозасы Словакия елінің жүрегін жылытсын. Достығымыз арта берсін! – деді Кенжехан Матыжанов.

02.jpeg

Сонымен қатар, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Абай – адамзаттың алтын қорына қазақ елінің атынан өз үлесін қосқан ғұлама екенін жеткізді.

Абайдың "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" айтқан сөзі ақынның нағыз гуманистік көзқарасын аңғартады. Бұл адамзатқа тән асыл қасиет. Бұл сөз ұлт пен ұлыстарды татулыққа, ынтымаққа, бауырмалдылыққа бастайтын ұранға айналды. Сондықтан, қазақ даласында туып, рухани терең болмысымен адамзаттың Абайына айналған ақынның ғаламдағы тұғыры барған сайын биіктеп, мәңгі жасай берері сөзсіз – деді кітапхана басшысы.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, Словакиядағы қазақ студент жастар қатысты. 
Өзгелердің жаңалығы