Абаев e-Gov порталындағы жиі пайдаланылатын қызметтерді атады

15 Қаңтар 2019, 11:39
2043
Бөлісу:

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев e-Gov электронды үкімет порталындағы халық жиі пайдаланатын қызметтерді атады.

Оның айтуынша, e-Gov порталының өткізген сараптамасына сай, ел тұрғындары денсаулық сақтау қызметтерін өте жиі пайдаланады екен. 

«Сондықтан былтыр медициналық ұйымға тіркелу мен дәрігер таңдау сияқты қызмет электронды форматқа енгізілді. 4 айдың ішінде бұл қызметті 70 мың адам пайдаланған екен. Ал өткен айдан бастап, наркологиялық, психологиялық және тубдиспансерлер анықтамасын портал арқылы алуға мүмкіндік пайда болды. Қазір қажетті құжаттарды үйден шықпай-ақ алуға болады», - деді министр.

Осы орайда ол аталған анықтамалар жұмысқа орналасатын кезде, оқуға түсерде және тағы басқа сәттерде қажет екенін атап өтті.

«Енді жұмыс беруші тарапқа кандидаттың жоғарыда аталған диспансерлерде тіркеуде тұрған-тұрмағаны туралы ақпарат болса жеткілікті. Сондықтан да азаматтар анықтама алу үшін диспансерлерді аралап, кезекте тұрмайды. Жалпы алғанда, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жүйелі жұмысты қажет етеді. Тәжіреби көрсетіп отырғандай бұл шаруа кешенді түрде, жоғары цифрлық сауаттылықпен атқарылуы тиіс», - деді Абаев.

Айта кетейік, осыған дейін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халықтың әлі мекен-жай анықтамасын алу үшін ХҚКО-ға барып жүргені туралы айтқан болатын.

Бұдан басқа, ведомсвто басшысы 141 қызмет электронды форматқа ауысатынын хабарлады. 
Дәурен Ерболат
Өзгелердің жаңалығы