141 қызмет электронды форматқа ауысады – министр

15 Қаңтар 2019, 11:20
2650
Бөлісу:

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев алдағы уақытта 141 мемлекеттік қызметті электронды форматқа ауыстыру жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Оның айтуынша, Е-gov порталында қазіргі таңда 8,5 млн-нан астам тұтынушы тіркелген. 2018 жылы аталған портал арқылы 30 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген.

«Осы қызметтерді одан ары жетілдіру аясында премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің төрағалық ететін Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия алаңында оңтайлануы тиіс 588 қызмет белгіленді. Біз әрбір қызметке сараптама жүргіздік. Оларды электронды форматқа ауыстыру тұстарын жан-жақты қарастырдық», - деді министр.

Осы орайда министр құжаттар тізбегін қысқартуды, рәсімдеу уақытын, артық процедуралармен келісімдерді қысқарту тұстарын толық пысықталғанын жеткізді.

«Аталған жұмыстардың қорытындысы бойынша 141 қызметті электронды форматқа ауыстыру жоспарланып отыр. Ал 447 мемлекеттік қызмет түрлерінің кейбір құжаттары мен мерзімін қысқарту қарастырылған. Бұл азаматтардың уақытын үнемдейді», - деді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар ол аталған жұмыстар ұлт денсаулығы жөніндегі деректерді бір электронды базаға топтастыруға жол ашатынын атап өтті.

«Big data технологиясының көмегімен жиналған деректерді денсаулық сақтау мен фармокология  саласында тиімді пайдалану жоспарланып отыр. Мысалы, ведомствоаралық комиссияның ұсынысына сай «Баланы патронаттық тәрбиеге беру» мен «Патронаттық тәрбиелеушілерге қаржы бөлу» сияқты екі қызмет біріктірілді.  Бұрын бұл қызметтер бөлек көрсетілетін. Бір құжаттарды екі рет ұсыну қажет болатын. Осылайша, аталған бағытты рәсімдеу 35  күннен 10 күнге дейін қысқарады», - деді министр.

Сонымен қатар ол барлық қызметті электронды форматқа ауыстыру мүмкін емес екенін жеткізді.

«Мемлекеттік қызметтердің 100%-ін автоматтандыру мүмкін емес. Өйткені, тиісті маманның қатысуынсыз жүзеге аспайтын да қызмет түрлері бар. Мысалы,  мемкіндігі шектеулі балаларды тексеру мен оларға медициналық-педагогикалық кеңестік көмек көрсету қызметі. Осындай бағыттағы қызметтердің процесі мен мерзімін қысқарту тиісті шаралар атқарылып жатыр», - деді Абаев.

Осыған дейін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халық әлі мекен-жай анықтамасын алу үшін ХҚКО-ға барып жүргенін айтқан болатын.
Дәурен Ерболат

Өзгелердің жаңалығы