Бас жаңалықтар
Ақмолалық көпбалалы отбасылар 626 млн теңгенің атаулы әлеуметтік көмегін алды
02 Маусым 2019, 12:43 744

Ақмолалық көпбалалы отбасылар 626 млн теңгенің атаулы әлеуметтік көмегін алды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Ақмола өңірінде 6 мыңнан аса аз қамтылған отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізеді. Осы мақсатқа бөлінетін қаражат 9 есеге артып, 3,7 млрд теңгені құрап отыр. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Дина Ахметжанова мәлімдеді.

Оның хабарлауынша, Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа шаралары аясында биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген 8 мыңнан аса азаматтарға жан-жақты түсінік берілген.

«Осы жылдың сәуір-мамыр аралығында 6400 АӘК алуға 6400 өтініш түсті. Оның 120-сы талапқа сай еместігі анықталды. 6058 өтінішке шешім шығарылды. 9888 баласы бар 2104 көпбалалы отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Осылайша, 4773 отбасы 626,5 миллион теңгенің әлеуметтік көмегіне ие болды. Қазіргі уақытта учаскелік комиссия 178 отбасының әлеуметтік жағдайын тексеруде», - дейді Дина Ахметжанова.

Спикер жағдайлары күрделі болғанына қарамастан жаңа мүмкіндікке жол ашып, еңбек етуге құлшыныс білдіріп отырған көпбалалы отбасыларды мысалға келтірді.

«Айталық, Астрахан ауданының тұрғыны Гүлжан Сағадатова жұмыспен қамту орталығы арқылы «Бастау Бизнес» бағдарламасымен тігіншілік мамандығы бойынша кәсіптік оқуға жіберілді. Курсты аяқтаған соң ол 200 АЕК көлемінде несие алып, тігін өнері бойынша жеке кәсібін ашуға ниеттеніп отыр. Ал целиноградтық Зүлфия Бесімбаева өрт сөндіруші мамандығы бойынша тұрақты жұмыспен қамтылды. «Бастау бизнес» курсынан өткен бурабайлық көпбалалы ана Надежда Берестень 200 АЕК несие алып, жеке кәсіпкерлікпен айналыспақшы», - дейді Дина Ахметжанова.

Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмектен бөлек жергілікті бюджеттен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға 5,5 млрд теңге сомасында қаражат бөлу қарастырылып отыр. Осы ретте 76 мың азамат қамтылмақшы.

Облыс бойынша биылғы жылдың соңғы үш айында 4139 көпбалалы отбасыларға 57 млн теңгенің көмегі көрсетілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 618 тұрғын үй жинақ қатысушылары мен қоғамның әлсіз топтары үшін 20 арендалық және 12 кредиттік үй салынуда. Сондай-ақ жыл аяғына дейін 148 көпбалалы отбасы арендалық үймен қамтылады. Бұдан бөлек облыстың 9 аймағы шілде айының соңында көпбалалы 28 отбасы үшін арендалық үй сатып алмақ. Облыс кәсіпкерлері де 41 аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмек қолын созуға даяр, бүгінгі күні 10 аймақта 18 отбасы баспанаға қол жеткізді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...