Қазақ-қырғыз жастары эколгиялық акцияда бас қосты

2 Маусым 2019, 12:15
1931
Бөлісу:
Қазақ-қырғыз жастары эколгиялық акцияда бас қосты
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында «Бір өзен – бір тағдыр» тақырыбында халықаралық экологиялық акция өтті. Шара аясында Қырғыз Алатауынан бастау алатын Талас өзенінің жағалауын тазалауға көрші жатқан Қырғыз елінің жастары да келді.

Тазалық шарасы Тараз қаласының іргесіндегі «Тектұрмас» кесенесі маңынан басталып, Талас өзенін жағалай көлемі 19 гектар жерді алып жатқан «Жамбыл орманды және жануарлар дүниесін қорғау» КММ мекемесінің аумағында жалғасты.

Қырғыз жастарының көшбасшысы «Орта Азия даму қоры» ұйымының жетекшісі Ұлдана Шамильқызы Бішкек жастарын бастап келсе, Талас облысынан манасшы Камиль Мамадалиев те елдік шараға жерлестерін ерте келген.

«Біз қазақ туғандармен, қазақ жастарымен әрбір шарада жиі бас қосамыз. Пікіріміз, идеяларымыз үндесіп жатады. Биыл жамбылдық жастардан жақсы ұсыныс түскенде, расында, қатты қуандық», - дейді Ұлдана Шамильқызы.

Қырғыз жастары Талас өзенінің екі елге ортақ екенін айтып, кешегі зұлмат жылдары осы өзеннің бойын жағалай қоныстанған қазақ-қырғыз ағайындардың аман қалғанын еске салды.

«Сондықтан, осындай экологиялық акция аясында жастарды ортақ іске жұмылдырып, ертеден бергі жарасты ынтымағымыз бен достығымызды кең көлемде насихаттағымыз келді», - дейді олар.

Айта кетерлігі, екі ел жастарын Талас өзені бойындағы тазалық жұмыстарына жұмылдыру идеясын қоғам белсендісі Ықтияр Мырзахмет ұсынған. Ал оған Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ұжымы қолдау білдірген.

«Қазақ пен қырғыз арасындағы су мәселесі біраз уақыт күн тәртібіне жиі шығып жүрді. Сол себептен осы экологиялық акцияны жалғастыра отырып, келешекте шаруа жастардың да мәселелеріне қатысты өзекті жайларды талқылаймыз», - деген Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Қанато бұл шараға екі мемлекеттен 80 адам тартылғанын, оларға техникалық қауіпсіздік мәселесі түсіндірілгенін жеткізді.

Сенбілікте жастар табиғат аясына келіп демалушыларға қоршаған ортаны таза ұстау үшін арнайы дайындалған ескертпе тақтайшаларын іліп, өзен жағалауын тазалады.

Қырғыз еліндегі Талас облысы манасшыларының үйлестірушісі, ыршы Камиль Мамадалиевтің айтуынша, тағдырлас екі елдің мұңы да, сыры да осы өзендерге тығыз байланысты.

«Тіпті, Талас өзенін екі ел үшін де өмір өзені десе болады. Тарихы тамырлас қос жұрттың жастарының осындай игі іске жұмылып жатқаны қуантады», - деп сөзін түйіндеген ол көпшілікке «Манас» жырын жырлап берді.

Екі елдің жастары акцияны келесі жылы Қырғыз елінде ұйымдастыруға және дәстүрге айналдыруға уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы