Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі АҚШ-та прокатқа шығады

21 Мамыр 2019, 12:54
3893
Бөлісу:
Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі  АҚШ-та прокатқа шығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Анаға апарар жол» фильмі 24 мамырдан бастап АҚШ-та прокатқа шығады. Бұл туралы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлайды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Новый мир» және Sataifilm компанияларымен бірлесе түсірген «Анаға апарар жол» фильмі Лос-Анджелес (Калифорния штаты), Хартфорд (Коннектикут штаты), Хьюстон (Техас штаты) және Нэшвилл (Теннесси штаты) қалаларындағы кинотеатрларда көрсетіледі. Одан бөлек, американдық прокаттан кейін (90 күн өткен соң) бұл фильмді Netflix компаниясының стриминг-платформасы (ағымдағы онлайн көрсетілім) және VOD (сұрату бойынша фильмді көру) сандық таралымы арқылы тамашалауға болады.

«Анаға апарар жол» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» және «Алтын глобусқа» «Үздік шетел фильмі» аталымында ұсынылған болатын.

«Анаға апарар жол» фильмінің АҚШ-тағы дистрибьюциясын америкалық World Wide Motion Pictures Corporation компаниясы қолға алған. 1977 жылы негізі қаланған бұл компания көркем, деректі, қысқаметражды фильмдерді және телевизиялық жобаларды қаржыландырып қана қоймай, оларды өндіріске жіберіп, тіпті прокатқа шығуға көмектеседі. Компанияның әр жылдардағы топ-менеджерлері көптеген кино және телевизиялық жобаларға, «Оскар» және «Эмми» премияларын және басқа да беделді жүлдедерді жеңіп алған жобаларға кеңес беріп, оларға продюсерлік қызмет көрсеткен.

Тарихи кинотуындының Бас продюсері Әлия Назарбаева, ал режиссері Ақан Сатаев. «Анаға апарар жол» фильмінде еліміздің танымал актерлері  ̶  Алтынай Нөгербек, Әділ Ахметов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов түскен. Бұл эпикалық фильмнен көрермен қазақ отбасысының 1930 жылдардан бастап, күні бүгінге дейінгі бастан кешкенін көре алады.

«Продюсерлерімізге, түсірілім тобымызға және маған да біздің фильмімізді АҚШ кинотеатрларында көрсететіні үлкен абырой. «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы фильмімізден шынайылықты көріп, ондағы оқиға желісі әлемнің барлық аудиториясына ұғынықты болатынына сенім білдіргеніне қуанып отырмын», - деді бұл турасында режиссер Ақан Сатаев.

«Біздің компания бірнеше ұрпақтың тарихын баяндайтын, оның үстіне «Оскар» премиясына ілгеріде ұсынылған терең драманы прокаттауды мақтан санаймыз», - деген «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясының бас директоры Пол Д. Хэнкок сөзін былай деп жалғастырды: «Америкалық отбасылар, әсіресе аналар қауымы жанға жылу сыйлайтын фильмді қуана көреді». 

Айта кетелік, «Анаға апарар жол» фильмінің тұсаукесері 38-ші Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде өтіп, сыншылардың оң бағасын алған. Сонымен қатар, фильм түрлі кинофестивальдерден жүлде алып, халықаралық көрсетілімдері өткен.

 

Өзгелердің жаңалығы