Бас жаңалықтар
65-70 теңге: Өңірлерде сіріңкенің өзі қымбаттап жатыр
23 Қыркүйек 2020, 07:40 146

65-70 теңге: Өңірлерде сіріңкенің өзі қымбаттап жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазір Ақтөбе дүкендерінен ең арзан тауар саналатын күкірт талын табу қиын. Сатушылардың өзі оның қалай қат дүниеге айналғанын түсіне алмай дал, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Сіріңке жоқ. Халықтың сұранысы көп. Неге сіріңке жоқ, сол бізге түсініксіз. Бағасы қымбат, 65 теңгеден, - дейді сатушы Оңай Сәрсенғалиева.

Бұрын дүкеншілер бір қорабы 10 теңге тұратын сіріңкені қайтарма ақшаның орнына беретін. Қазір сұрасаң да таба алмайсың. Ақтөбенің кейбір сауда орындары қорындағы сіріңкенің құнын қымбаттатып үлгеріпті. Мұнда көтерме бағамен алғанның өзінде, 10 данасы 65-70 теңге тұрады. Тек Ақтөбеде ғана емес, Қарағандыда да осындай жағдай. Ол жақта сіріңкенің бағасы 30 пайызға қымбаттады. 

Саудагерлердің айтуынша, бағаны бұлар емес, сіріңке өндіретін Череповецтегі зауыт көтерген. Ал елімізде сіріңке шығаратын өндіріс орны жоқ. Сондықтан Қазақстанға сырттан тауар жеткенше, жол пұлының құны қосылып, осындай бағаны құрап отыр.

Елімізде сіріңке шығаратын өндіріс орны жоқ. Барлығын Ресейден алып келеміз. Ол жақ бағасын көтерген соң, бізде де қымбаттап кетті. Клиенттер шағымданып жатыр. Бірақ біз не істей аламыз? - дейді саудагер Тоқан Нұрбаев.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...